
Қазақтың айбарына айналған Тәуелсіздік күніне орай елімізде мерекелік іс-шаралар басталып кетті. Жер-жерде отаншылдық пен қасиетті мейрам көріністері көпшілікке ұсынылып келеді.
Аталмыш тақырыпта аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық “Жастар Ресурстық Орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы Ерғали Сарманов атындағы Гуманитарлық агроэкономикалық колледжде ұлық мереке қарсаңында дөңгелек үстел өтті.
Оған зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері қатысты. Басқосуға модераторлық еткен Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Мырзатайұлы отырыстың мән-мағынасын түсіндіріп өтті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің қадірі мен Желтоқсан оқиғасының маңызына тоқталып, куәгерлер болған оқиғаны тебірене баяндады. Ұлт қасіреті болған көтерілістің жастарға берер үлгісі ортаға салынды. Жиынға қатысқан жастар бұдан ерекше тағылым алды.