Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының дыбыс режиссері Исманов Бақыт Алматы қаласында өткен Қазақстан Театр қайраткерлер Одағының «Еңлікгүл – 2024» кәсіби театр сыйлығының «Үздік музыкамен көркемдеуші» номинациясында жеңімпаз атанып, 300 мың теңге қаржылай сертификатқа ие болды.
Айта кетейік, жарты ғасырдан астам тарихы бар театр күні кеше өзінің 55 жылдығын атап өтті. «Жетісай театрына – 55 жыл» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, мазмұнды іс-шаралармен жалғасты. 1968 жылы ашылған өнер ордасы шалғайда орналасқан, облыстық деңгейдегі бірден бір театр. Содан бері 250-ге жуық түрлі бағыттағы қойылымдарды сахналап, көптеген жетістікке жетіп жүр.

Жетісай драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы, Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында 1968 ж. халық театрының негізінде құрылған. Алғаш Сырдария облысы қазақ музыкалық драма театры (Өзбекстан Республикасы) деп аталды. 1969 ж. 18 қаңтарда Б.Майлин мен Е.Брусиловскийдің “Жалбыр” музыкалық драмасымен шымылдығы ашылды. Тұңғыш бас режиссері — Қ.Шанин, директоры — Т.Бәйімбетов. 1969 жылдан 2001 жылға дейін А.Оңалбаев бас режиссер болды. Театрдың негізін қалаушы өнер иелері: Өзбекстанға еңбек сіңірген артист Ж.Қарғабаев, Қазақстанның халық артист. Т.Қыстаубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артист — М.Өтебаев, Ы.Иманқұлов, Ұ.Әкімова, т.б. 1969 — 71 ж. музыкалық театр, ал 1971 — 99 ж. музыкалық драма театр болып аталды. 1999 жылдан Жетісай драма театры болып аталады. Театр өзінің тарихындағы 32 маусым ішінде 100-ден астам спектакльдер қойды. Олардың ішінде М.Әуезовтің “Еңлік — Кебек”, “Айман — Шолпан”, Ғ.Мүсіреповтің “Амангелді”, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың “Беу, қыздар-ай” мен “Ақсақал аң-таң”, Т.Ахтановтың “Махаббат мұңы”, З.Ақышевтың “Жаяу Мұса”, С.Адамбековтің “Аюбайдың ажалы”, Б.Соқпақбаевтың “Менің атым Қожа”, т.б. бар. Театрдың қазіргі бас режиссері Ә.Құлданов, директоры Ә.Мейірбекұлы, танымал актерлері: Ш.Қожамұратова, Р.Бейсебаева, К.Жолшыбеков, К.Молдәулетов, Б.Сүлейменова, Б.Айдаров, К.Құлыншақов, Ұ.Базарбаева, А.Қарғабаева, Ғ.Қаппаров, О.Қалыбектен, З.Найзағараев, М.Жұмаділлаева, А.Төлеубаев, т.б. Бас суретші Б.Срайылов.

Театрдың іргетасын өңірдің біртуар саңлықтары, Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев, Тасболат Баймбетов секілді өнер десе ішкен асын жерге қоятын кісілер қалады. Мәскеу мәдениет институтының түлегі марқұм Алтынбек Оңалбаев ширек ғасырдан астам уақыт Жетісай театрының бас режиссері қызметін тапжылмай атқарды. Олардың ұлағатты істері мәңгі есте. Бар болмысы театр үшін жаралған дарынды: А.Ысырайлов, С.Саурықов, Ш.Қожамұратова, Ы.Иманқұлов, М.Омарбекова, Ш.Хакімжанов, Т.Қыстаубаев, З.Меңлібаев, З.Оспанова, Сәния және Тасболар Бәйімбетовтер, Ә.Жәбішев, Р.Қошпанқұлов, Қ.Қамбаров, Ж.Қарғабаев, Ә.Омарова, Қ.Бекмұратова, К.Молдәулетовтар аталған театрдың алғашқы артистері.