Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы казіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келді. Жастайынан ауылда ескіше хат таныған, оқуға ынталы, елгезек Сұлтанбек Түркістан қаласындағы орыс-түзем мектебін бітіріп, соңынан сондағы қалалық үш жылдық училищені үздік аяқтап, 1913 жылы Ташкенттегі оқытушылар семинариясына түседі. Осы күннен бастап, ол үлгілі оқумен қатар елдің жоғына көңіл бөлетін, халықтың жағдайымен санасатын қамқоршы азамат боп қалыптаса бастайды. Жастар арасында өзінің талантты ұйымдастырушылығымен ерекше көрініп, әртүрлі үйір­мелердің ұйытқысы болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан Түркістан өлкесі халықтарының әбден күйзеліске ұшырауы сол кездегі саналы жастарға ой салып, олар әртүрлі ұйымдарға топтаса бастады. С.Қожанов Ташкентте 1915-1916 жылдары тұңғыш ұйымдастырылған «Кеңес» деген құпия ұйымға белсене қатысып, көзге көрінген басшыларының бірі болып, «Бірлік туы» газетіне редакторлық етті. С.Қожанов елдегі орын алған ашаршылыққа қарсы күреске белсене атсалысып, аштықпен күресетін комиссияның мүшесі ретінде Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Арыс, Қызылқұм, Шиелі, т.б. өңірлерде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашып, көшеде босып жүрген жетім балаларды аштықтан аман сақтап қалу үшін баспана, колония, жетім балалар үйін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлді.

1918‑1924 жылдары аштыққа қарсы күрес комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде Сұлтанбек Қожанов бүкіл Қазақстан мен Орта Азия елдерінде аштықтан адам шығынын болдырмау үшін, тамақтандыру орындарын ашып, елді тойындырғаны белгілі. Аштықпен күресу үшін Сұлтанбек Қожанов Ташкенттен шығатын пойызға ішінде көже пісіретін қазандар орнатылған арнайы вагон тіркетіп, әрбір бекетте тоқтатып халыққа көже үлестіртеді екен, ол пойыз Ресей шекарасынан өтіп кеткенше «шүлен көже» тарату тоқтамайды екен. Бұл әрекеттен Сұлтанбек Қожановтың іскерлігімен бірге, асқан тапқырлығын да байқауға болады. Қарапайым халықтың есінде ұмытылмай қалып, бізге дейін жеткен мұндай қамқорлық Сұлтанбек Қожановтың ғана қолынан келген. Оңтүстік Қазақстан облысында егінді суландыратын судың болмауынан падаланылмай қаңырап жатқан көлемді жерді жергілікті халық орыстарға еліктеп «Голодная степь» деп атап кеткен екен. Жабайы аңдардан басқа жан баласы жүруге де қорқатын осы жерді тиімді пайдалану үшін Сұлтанбек Қожанов жергілікті халықты ұйымдастырып, қол күшімен атақты «Қоңырат» каналын қаздырады. Соның нәтижесінде орасан мол жер игеріліп, «Голодная степь» аты жойылып «Мырзашөл» деген тамаша атты иеленді.
Каналдың арқасында елімізде мақта егістігінің көлемін арттыруға қол жеткізілді. Менің әкем Есіркепов Рахым сол кезеңде алдымен Оңтүстік Қазақстан облысының Киров ауданында аудандағы бар техника шоғырланған МТС‑тің директоры, кейіннен «Бостандық ауданында хатшы болып қызмет атқарған болатын.

С.Қожанов­тың Түркістан өлкелік халық ағарту комиссары болып істеген 1922-24 жылдардағы қызметі елдегі сауатсыздықты жою, мектептерге мұғалімдер дайындау мәселесі болды. Ол Ташкенттегі халық ағарту институтын ашуға атсалысып, оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. С.Қожанов 1921 жылы Кеңестердің бүкілресейлік съезіне делегат болып қатысып, жер-жерлерде мектептерді көбейту, институттар ашу арқылы кадрлар дайындау проблемаларын көтерді. Ол 1920 жылғы қыркүйекте Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президумының мүшелігіне сайланады. Осы өлкенің ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Сол кезде ел арасында кең жайыла бастаған «Соғыс коммунизмі» саясатының белең алуына шек қойғызды. Зорлық-зомбылықпен қара халықтың аузындағы азығын тартып алуына жол бермеу, оның орнына Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың әл-ауқатын жақсарту туралы мәселелерді күн тәртібіне қойды. 2022-1924 жылдары Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары лауазымында жұмыс істеген кезде, ол ауылдың жағдайына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын ұстанды.

С.Қожанов 1920-1924 жылдары Түркістан Республикалық Кеңесі V-VІІІ съездеріне және Түркістан коммунистік партиясының XIII съезіне делегат болып қатысты. Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, соңынан біраз уақыт төрағасы болып қызмет етті. 1924 жылдың соңына дейін Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ орталық атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді. 1925 жылы қарашада БК(б)П орталық комитетіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдас­тырды.

1924-1925 жылдары С.Қожановтың Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған кезеңі, оның мемлекет жəне қоғам қайраткері есебінде жарқырай танылған кезі болды. 1920 жылы тамыз айында Қырғыз (қазақ) автономиялы облысы, одан кейінгі Қазақ автономия республикасының құрылуы – оның ұлттық, территориялық тұтастығын қалыптастырып, тарихи атауын қалпына келтіру арқылы мемлекеттілікке жаңа мазмұн беріп, дамуының болашақ бағдарын айқындап берді. 1925 жылы сəуірде Қазақ кеңестерінің V съезінде, С.Қожановтың ұсынысымен қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазақ» атауына түзетіп) қайтарып, астанамыз Қызылорда қаласы болып өзгерді. Сұлтанбектің семсердей өткірлігі мен темірдей терең логикасы арқасында қазақ халқы өзінің тарихи атына ие болды. Біз империялық отаршылық кезінде еріксіз танылған «қырғыз-қайсақ» деген жалған атымыздан біржолата құтылдық.

1925 жылы жазда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Нанейшвили Мəскеуге шақырып алынды да, оның міндетін атқарушы болып, өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Қожанов қалды. Республика партия ұйымының бірінші басшысын қазақтан шыққан қайраткерден сайлаудың реті келіп-ақ тұрды. Алайда ұлтымыздың зиялы қауымы арасындағы алауыздық, көреалмаушылық, «ұлтшыл», «алашордашыл» деген саяси айыптаулар ол мақсатты жүзеге асыртпады. Республикадағы саяси басшылыққа Ф.Голощекиннің келуі бұл саяси үдерісті тіпті өршітіп жіберді. Осыған байланысты С.Қожанов Қазақ өлкелік партия комитетіне 1926 жылы ашық хат жазып, ақталуға мəжбүр болды. Ол хатында былай дейді: «Мен партияның алдыңғы қатарында жүріп мына мəселелерге белсене қатыстым: Отаршылдық пен жергілікті ұлтшылдықты саяси тұрғыдан жоюға; Жерге орналастыру жəне жер-су реформасын жүргізуге; «Қосшы» одағын ұйымдастыру науқанына; Орталық Азияда ұлттық межелеуді іске асыруға; Қазақстанның орталығын Орынбордан Қызылордаға ауыстыруға жəне Қазақстанның ішкі құрылысында ұлттық мүддені күшейтуге тікелей араластым». С.Қожановтың жазған хатының мазмұнының өзі оның ұлттық жəне мемлекеттік тұрғыда ойлайтын үлкен қайраткер тұлға екенін көрсетеді. Егер ауызбіршілік болып, республика партия басшылығына С.Қожанов келгенде, Ф.Голощекиннің Қазақстандағы «Кіші октябрь» төңкерісі болмай, қазақ ашаршылықтан қырылмаған болар ма еді? С.Қожанов Мəскеуге кеткен соң оны айыптау саяси науқаны Ф.Голощекин мен оның жандайшаптары арқылы кең өріс алды.

1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-31 жылы Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931-32 жылы БК(б)П ОК аппаратында, 1932-1933 жылдарда Мәскеуде «Союззаготохлопок» меңгерушісінің орынбасары болып істеді. 1934-1937 жылдары Ташкентте КСРО егіншілік халық комиссариатының Орта Азия республикалары бойынша өкіл қызметін атқарды. С.Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды.

Сұлтанбек Қожанов қандай жауапты қызметте жүрсе де алдымен қазақ жастарының білім алуына ерекше назар аударып, елімізге білімді, жоғары сауатты азаматтардың аса қажет болатынын есінен шығармаған кісі. Жүрген жерінің бәрінде талапты, талантты жастарды іздестіре жүріп, олардың білім алуына тікелей көмек беріпті. Аса таланттыларын Орынбор, Қазан, Троицк, Мәскеу, Ленинград және т. б. қалалардағы оқу орындарында оқуына мүмкіндік жасап, жолдама алып беріп отырған.

Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шықты. С.Қожанов өзіне қауіпті болса да, көптеген ақыл-ой, көркемсөз алыптарына, әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне барынша көмектесіп отырды. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық торқалы тойын жоғары дәрежеде өткізіп, газетке той иесінің портретін, өзі жазған мақаласын жария­латты. Ол Байтұрсыновты қазақ зиялыларының атасы деп есептеді. «Байшыл», «ұлтшыл» деп, қудаланып жүрген Мағжан Жұмабаевқа қол ұшын беріп, 1923 жылы Қазақстанда тұңғыш жинағының шығуына көмектесті. Жинақтың алғы сөзінде С.Қожанов: «Қойшылар тілі саналып келген, ресми қағаздар жазуға, кітаптар жазуға жарамсыз делініп келген қазақ-қырғыз тілі… өнерге асатын бай, жатық, өткір, әдемі тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады» деп жазды. С.Қожанов қазақ әдебиетінің деңгейін көтеру үшін біз А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Дөнентаевтың, С.Торайғыровтардың шығармаларына көп көңіл бөлуіміз керек деген бағыт ұстады. С.Қожанов 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Сұлтанбек Қожанов – ғұмыры қасіретке толы тұлға. Ол 1938 жылы халық жауы ретінде ұсталып, атылды.

С.Қожанов 1938 жылы «халық жауы» болып атылғаннан кейін де оны қаралау науқаны кең көлемде жүргізілді. Сол кездегі жəне одан кейінгі кездегі ұлтымыздың бірқатар зиялы қауым өкілі «қожановшылдықты» барынша əшкерелеуге тырысып бақты. 1957 жылы ол ақталғаннан кейін де, сол жазғыштар республикадағы саясатқа өз ықпалдарын тигізіп, С.Қожанов туралы шындық 1980-жылдардың соңына дейін толық айтылмай келді.

С.Қожанов 1958 жылы ақталса да, ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, соңғы кезге дейін өзінің тарихи бағасын ала алмай, ол туралы кең көлемде ашық жазылмай да, айтылмай да келді. Əрине, тəуелсіздік жылдары Алаш арыстарының жəне Алаш идеясының саяси ақталуымен қатар, ұлттық құндылықтарды қоғамдық-саяси қызметінің басты ұстанымына айналдырған С.Қожановтың тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеулер жүргізілді. Атап айтқанда, Т.Қожакеев, Р.Бердібай, Ə.Тəкенов, Ә.Сұлтанбеков, Д.Тұрантегі, Б.Қойшыбаев, М.Қойгелдиев, А.Шəріп, Х.Т ұ р с ұ н, Ж.Ə л м а ш – ұ л ы ж ə н е өзбекстандық тарихшылар Р.Я.Раджапова, С.Тілеуқұлов, мəскеулік профессор А.Арапов жəне т.б. тарихшы, əдебиетші ғалымдардың зерттеулерінде қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы ұлтжанды, мемлекетшіл, Алаш рухты азамат ретінде таныла бастады. Əйтсе де, қайраткердің қоғамдық-саяси қызметі мен əдеби мұрасын зерттеп, зерделеу өз деңгейінде əлі де жүргізілмей келді. Оның негізгі себебі С.Қожановтың партия мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған ұлтжандылығы болды. Кеңес өкіметі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да аса бір сақтықпен қарады.

Тіпті, 1985 жылы шыққан Қазақ ССР тарихи очерктерінде С.Қожановты ұлтшыл, оңшыл, уклонист деп көрсеткен. Ел тəуелсіздігінің алғашқы жылдары тарихымыз­дың ақтаңдақтары зерттеліп, туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған, аттары аталмай келген, еліміздің қалыптасуына ерен еңбегі сіңген хандарымызды, батырларымызды, билерімізді, мемлекет жəне қоғам қайраткерлерін, ақын-жырау, жазушыларымыздың мерейтойларын халық өзі бастама болып тойлап жатты. Осы үлкен маңызды шараларды бір жүйеге түсіру мақсатында республика үкіметі 1993 жылы сəуірде «1993-1995 жылдары республикада мерейтойларды атап өту туралы» арнайы қаулы қабылдады. Қаулыда кімдердің мерейтойлары қай кезде, қай жерде өтетіні толық көрсетілді. Жала жабылып, халық жауы болып атылып кеткен, елімізге еңбегі сіңген ағаларымыздың 100 жылдық мерейтойларын өткізудің 1993-1995 жылдары жоспарланған тізімі бекітілді. Алайда осы қаулыда 1994 жылы 100 жасқа келетін С.Қожановтың мерейтойы туралы ештеңе айтылмапты.

1994 жылы 12 сəуiр күнi «С.Қожановтың туғанына 100 жыл толу мерейтойын əзiрлеу мен өткiзу туралы» республика Үкiметiнiң №370 қаулысы кешiгiңкiреп, өз алдына жеке қаулы болып шықты. Қаулыда мерейтойға байланысты республика көлемiнде көптеген iс-шара жоспарланып, С.Қожановтың 100 жылдық мерейтойы 26-27 тамызда туған жерi Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында өткiзiлетiн болып белгiлендi.

1994 жылы қаңтарда С.Қожанов мерей­тойы тамыз айының 26-27 күндерi Созақ ауданында өттi. Той туған ауылы Ақсүмбеден бастау алып, онда үлкен ас берiлiп, құран оқытылып, ескерткiшi ашылды. Ақсүмбе мектебіне ұлы тұлғаның есімі берілді. Шолаққорған ауылында ­С.Қожановтың музейi ашылды. Шолаққорған ауылының орталық көшесі С.Қожановтың есімімен аталды. С.Қожановтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференция өткiзiлдi. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы Сұлтанбектiң Ленинмен кездесуiн сахналады. 32 шақырымға аламан бəйге ұйымдастырылды. Бас бəйгеге елге танымал кəсiпкер С.Сейтжанов сол тұстағы төрт дөңгелектiң «төресi» «Волга» көлiгiн ұтысқа тiктi. Республикалық ақындар айтысының бас жүлдесi – «Жигулидi» Қазақстанның халық ақыны Əселхан Қалыбекова жеңiп алды.

…Тәуелсіздік жылдары С.Қожановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында елімізде көптеген іс-шара атқарылды. Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Арыс тағы басқа көптеген елді мекендерде көшелерге, мектептерге С.Қожановтың есімі берілді, ескерткіштер, бюсттер орнатылды, кітаптар шығарылып, пьесалар жазылып, сахналанды, мектеп оқулықтарына есімі енгізілді. Биылғы жылы Астана қаласындағы үлкен мектеп-гимназияға С.Қожановтың есімі берілді.

Сұлтанбек Қожанов шоқтығы биік саяси тұлға, қоғам қайраткері болуымен бірге, халық ағарту комиссары да /бүгінгі түсінікпен айтсақ, білім министрі/ болып, қазақ жастарының жоғары білім алуына айрықша көңіл бөліп, Ел болашағы‑Жастар болғандықтан олардың білімді болуы қажетті екендігін жете түсінген ағартушы. Жастарға жан‑жақты білім беру мәселесінің маңыздылығы мен өзектілігі бүгінгі күні де өз мағынасын жойған жоқ. Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы болып табылатын саналы ұрпақты оқытып, тәрбиелеу арқылы ғана еліміз бәсекеге қабілетті мемлекет бола алады. Олай болса Сұлтанбек Қожановтың туған күнінде жыл сайын ұлы тұлғаның рухына тағзым етуі, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюы құптарлық іс, оның есімі ұмыт қалмауы тиіс.
С.Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болды. Ол айтыс-тартыспен, саяси күреспен өткен сан-салалы қызметінде топтық, таптық, тіпті партиялық мүдделердің аясында қалып қоймай, əркез ұлттық, мемлекеттік биіктен табылып отырды. Бұл – біздің өскелең ұрпақ үшін өте қажет үлгі-өнеге.

Қайраткер Қожановтың біз білмейтін қыры мен сыры қаншама десеңізші?! Алдағы уақытта соларды зерттеп, халқына табыс ету, ғылыми еңбектер, көркем шығармалар жазу – ғалымдардың, зерттеушілердің, жазушылардың, асыл тұлғаны қадір тұтатын барша халықтың қасиетті борышы.