
Түркістан өңірінде мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына арналған іс-шаралар гала-концертпен қорытындыланды. Онда Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қатысты.
Түлкібас ауданының орталығында өткен іс-шараға келушілер қатары көп болды. Әуелеген әндер мен мың бұралған бишілердің биіне тәнті болып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Осылайша облыс орталығында бастау алған ауқымды іс-шара Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Түлкібаста өз мәресіне жетті.
Алаштың аяулы перзенті, айбынды көшбасшы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркі тілдес халықтарының бірігуіне ұйытқы болған біртуар азаматтың атқарған еңбегі кейінгі буынға үлгі. Бір Түлкібас ауданының өзін алатын болсақ, Тұрар Рысқұловтың ұйытқы болуымен 1926 жылы 14 шілдеде «Ақсу Жабағылы» қорығы, 1925 жылы «Түлкібас әк зауыты», 1927 жылы Түлкібас темір жолы салынды. Бүгінде еліміздегі бірнеше қала, ауылдардың көшелері, жоғары оқу орындары мен мектептері, аудан мен ауыл атаулары Тұрар Рысқұловтың есімімен аталып, ескерткіштер бой көтерген. Оның жарқын көрінісін өз ауданымыздан да көруге болады. Тұрар Рысқұловтың 100 жылдығына орай Түлкібас ауданының орталығына, орталық көшеге, аудандық мұражайға Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Сол сияқты «Жанкент» шағын ауданындағы «Тұңғыш Президент» саябағына ескерткіш, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының бойына, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің алдына, аудан әкімшілігің алдына көрнекті ескерткіштері орнатылды.
Арда азаматтың ата-бабаларының ата қонысы – мекені болған Түлкібас ауданында тұлғаның 95, 100, 110, 120 жылдық мерейтойлары ерекше салтанатты жағдайларда атап өтілді. Игі дәстүрге айналған қоғам қайраткерінің биыл 130 жылдығы облыс, аудан көлемінде жалғасын тауып, жоғарғы деңгейде аталып өтуде. Тарихи тұлға есімі туған елімен мәңгі бірге жасайды. Таулар алыстаған сайын биіктей беретініндей оның есімі де әр қазақтың жүрегінде жалындап тұра бермек.