Ілияс Жансүгіров қазақ ақыны, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмасы қазақ поэзиясының қаймағы. Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да көп еңбектенді. Пушкиннің көптеген өлеңдері мен «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.

Биыл «Қазақтың үш бәйтерегінің» бірі атанған Ілияс Жансүгіровке биыл — 130 жыл. Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 5 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған адам болған.
Ілияс Жансүгіров — қазақ ақыны, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының тұңғыш төрағасы.
Жансүгіров өлең жазуды 1912 жылы бастаған. Оның «Балдырған», «Қызыл жалау» атты өлең дәптерлері кейін 1957 жылы Ұлттық кітапханадан табылды. «Сарыарқаға», «Тілек» атты өлеңдері Жансүгіровтың жарық көрген алғаш туындылары еді. Олар 1917 жылы Семейдегі «Сарыарқа» газетінде жарияланған. 1923 жылы «Сана» журналында «Мерген Бөкен» әңгімесі басылып шықты. Содан кейін Жансүгіров өлеңдері «Тілші», «Ақжол», «Кедей еркі» газеттерінде жиі жарияланып жүрді. Кейіннен Жансүгіров халқының алдында қаламы ұшталған, ойы терең, талантты ақын ретінде белгілі болды.

Жансүгіров шығармаларының бастау алар арнасы – қазақ халқының бай ауыз әдебиеті, Абай поэзиясы, орыс және дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілері. Оның шығармалары сан салалы, көп қырлы.

Жансүгіров халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға, басылып кітап болып шығуына үлкен үлес қосқан. Олардың озық үлгілерін өзі жазған мектеп оқулықтары мен хрестоматияларына енгізіп, мектеп оқушыларының халықтық тарихынан, өткен өмірінен хабардар болуына зер салған. Жансүгіров әдебиет сынына да араласып, әдеби көркем сын жанрының дамуына ат салысты.

Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А.Некрасовтың, Максим Горькийдің, Генрих Гейне мен Виктор Гюгоның, Ғ.Тоқайдың, К.Лахутидің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ әдебиетінің әлем әдебиетімен байланысын кеңейтті. 1936 жылы А.С.Пушкиннің 100-жылдығына Ілияс Жансүгіров «Евгений Онегин» романын аударып өзінің кітабына еңгізген. Бірақ соғыс жылдары ол роман басқа кісінің атымен шығыпты. Ілияс Жансүгіров ақталғаннан кейін оның туыстары соттасып сол романды Ілияс Жансүгіров аударғанын дәлелдеді.
Ілияс Жансүгіровтің поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Ақынның терең идеялы, көркем мүсінді, эпикалық кең тынысты шығармаларының танымдық, тәрбиелік мәні зор. Олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров әдебиет әлемінде өз халқының ұлттық қазынасына құнды мұралар қалдырған ұлылардың бірі. Ұрпақ үшін оның парасат әлемі, білгір суреткерлігі, зор адамгершілік үлгісі өшпейтін өнеге мектебі. Ұлылардың бойындағы ортақ қасиет көп қырлылық болса, бұл ерекшелік Жансүгіров талантына тән.

Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу — 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігершілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыр төбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты.
Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға — қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия.
Арынды ақын балаларға арналған өлеңдерінде де танымдық, тәрбиелік, білімдік мәніне баса наза аударады. Әндетіп, өлеңдетіп тербете тәрбиелеу арқылы баланы бесіктен тәрбиелеп, сөз өнеріне баулу, ой-өрісін дамыту, адамгершілікке, анаға деген мейірімділік, жағымды мінез-құлыққа тәрбиелеуді көздегенін оның әрбір шығармасынан көруге болады. Ілиястың көптеген өлең-поэмалары қазақ халқына тән-адам жанын жадыратар, сұлулық сезімін лаулатар жан азығы ән мен күй, тастан шыққан бұлақ секілді сызылып, кемеліне келген ағын дариядай толқиды. Ән мен жырға, күмбірлеген күйге арнаған өлеңдерінде өте бір әсерлі, екпінді, желдірме әсем сөздер бастырмалатып, бір эстетикалық сұлулық, айтуға жеңіл, әнге қосуға лайық өлеңдер болып келеді. Балалардың танымдық, қабылдау әрекеттерін дамытып, оларды эстетикалық сезімталдыққа, ой тереңдігіне, байқампаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуге бағытталумен бірге, сөз шеберлігіне, сөз тапқырлығына үйретерлік көркемдік кеңістігіне өрнектелген.
1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, тұтқындалды.
Алатау бөктеріндегі алқапта демалып жатқан Ілияс Жансүгіров бір күні НКВД-ның шақыру қағазын алады. Сөйтіп Алматыға жол тартқан ол сол кеткеннен оралмады.
1938 жылы шабыты шарықтап тұрған ақын 44 жасында ату жазасына кесілді.
Нақақтан-нақақ атылған Ілияс Жансүгіровтің ақталғаны 1957 жылы 4 сәуірде жария болды.