15 қараша – көрнекті жазушы, ақын, драматург, елдің азаттығы үшін жанын құрбан еткен жандардың бірі Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толады. 

Әлемдік әдебиеттің проза патшалығы мен әңгіме өрнегіне, ұлт құнары ана тілінде ою салған, қарапайым қазақы қарасөздің шебері, қазақи кең пайымды далалық түсініктің білгірі, өз қоғамының өмірін әдеби тұрғыда өлшеуші – Бейімбет Майлинге 130 жыл.

20-шы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті сол дәуірдің саясатын, алып империя ықпалының құлдырауын, феодалдық үрдістің құлауын, ішкі ықпалдың дүмпуінен күш алған жаңа үкіметтің төңкерісін, жылға жетпеген уақыт ішінде билік басына келген үш үкіметтің алма кезек ауысуын өз қалпында жазумен ерекшеленеді.

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірегейі — Бейімбет Майлин. Ол поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халықтың бастан кешірген қиындықтарын, әлеуметтік өмірдің шынайылығын көрсетті.

Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары елуге жуық кітап, жинақ жариялаған. Оның «Бейімбеттің өлеңдері», «Шұғаның белгісі», «Раушан — коммунист», «Он жылда», «Колхоз», «Асулардан асқанда» тағы басқа шығармалары сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік-тынысын суреттеді. Майлиннің кітаптарында көптеген өлең, поэма, әңгімелер мен очерктер, повестер мен романдар, пьесалары бар. Бейімбеттің ақындық шығармашылығы 1912 жылдан басталады. Онда қазақ халқының өміріндегі маңызды оқиғалар, қоғамның зәру мәселелері көтеріледі. «Мұқтаждық», «Мал», «Байлыққа», «Қарынға» деген өлеңдерінде кедейлердің мұң-зарын ашық көрсетіп, әділетсіздікті сынады.

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы 15 қарашада Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Оның балалық шағы да сол ауылда өтті. Бейімбет кедей шаруаның баласы. Бір жасқа толмай жатып әкесі, 6-ға келер шағында бай үйінде сауыншы болып жүрген анасы қайтыс болып, бала Бейімбет жетім қалады. Кішкентайынан жетімдіктің зардабын шеккен бала Бейімбет байларға жалданып жұмыс істейді. Алғаш сауатын ауыл молдасынан ашады. Содан кейін бай үйінде тұратын Әбдірахман Сатыбалдин деген татар молдасынан дәріс алады. Бірақ, Бейімбеттің тұрмыстық жағдайы оның өнер, оқуға, білімге деген талпынысына кедергі келтіре алмады.

1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған.

Бейімбеттің әдебиет әлеміне деген алғашқы қадамы да осы медресе қабырғасынан басталды. Медреседе шәкірт болып жүрген кезде өзімен замандас болған башқұрттың атақты жазушысы Сайфу Құдаш секілді озық ойлы азаматтармен бірге оқиды. Бейімбеттің өзінің туған жері туралы «Он бес үй», «Жалшы» деген әңгімесі бар. Ол туған ауылы Ақтөбе туралы.
Бейімбет алғашқы шығармасы «Шұғаның белгісін» 1915 жылы Уфада «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде жазған. Оны кейіннен өзі басқарған «Садақ» журналына шығарады. «Садақтың» әрі редакторы, әрі белсенді авторы болған Бейімбет осы журналдың үш нөміріне өзінің тырнақалды прозалық туындысы «Шұғаның белгісін» жариялайды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі қазақ даласына да елеулі өзгеріс әкелді. Сол аласапыран кезде Бейімбет Алашорда идеясын жақтады. Халқының әсіресе, кедей жалшылардың күйіне алаңдаған Майлин Алашорда басында отырған азаматтарға үлкен сенім артты. Ол Алаш идеясына тілектес екенін ашық білдіреді. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов Қостанайға келіп, қазақ жастарын Алашорда қатарына жазылуға үгіттейді. Сонда Бейімбет Майлин алғашқыларының бірі болып тізімге жазылады. Сөйтіп, алаш ісіне араласа бастайды. Асфендияр Кенжинмен бірге ауылдарды аралап, салық жинау ісіне де қатысады. Бірақ, жүрегі ақ, көңілі таза Бейімбетке ел арасына барып, салық жинау халыққа жасаған қиянат секілді көрініп, ол 3 айдан кейін бұлардың қатарынан кетіп қалады.
1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. «Қазақ», «Ауыл» газеттері мен «Айқап», «Садақ» ( Садақ журналы ) журналдарына жазып тұрады.
Бейімбет Майлин «Еңбекшіл қазаққа» «Еңбек туы» болып тұрған кезде-ақ атсалыса бастаған. Алғаш мақалаларымен қатысқан ол әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, хатшысы да болған, редакторлыққа дейін өскен. Бірақ көп істемеген.
1920-1922 жылдары газетті жасауға алғаш шығарушылар алқасы басшылық жасап, кейін жекелеген тұлғалар келе бастаған тұста басылымға Бейімбет Майлин секілді жеті-сегіз адам жетекшілік еткені мәлім. Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925).
1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі 30-шы жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Ауыл тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болып істейді.[4]
1937 жылы контрреволюционерлер мен буржуазиялық ұлтшылдар қатаң сынға алынып, қолдан ұйымдастырылған саяси науқан өте қызу жүрді. НКВД жендеттері қазақ зиялыларына да жалған айыптар тағып, қудалай бастады. Бейімбет Майлин де олардың назарынан тыс қалған жоқ.

Бірақ, түрмеде отырған Майлин партиядан шығарылғанынан хабарсыз болатын. Сыртта, жарық дүниеде, ел ішінде не болып жатқанын да білмеді. Дегенмен, тергеліп, қапаста қамалып жатқан Бейімбет сырттағы болып жатқан қанқұйлы науқанның жантүршігерлік сипат алғанын сезетін. Бұл жолы аса ірі жазушы екендігіне, оның партия позициясына түсіп, сол үшін күресіп жүргеніне қарамады. Шыққан тегінің кедей екендігі, өмірінің жоқшылықта өткендігіндей ескерілмеді. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, Алашорда сапында болуы, ұлттық идеологияны уағыздауы алдынан кескестеп шыға берді.

Көп ұзамай, Бейімбет Майлин партия қатарынан шығарылды. Тергеу 53 күнге созылды. Тергеу аяқталғаннан кейін атылғанға дейін тағы 3 ай түрмеде отырды. Екі айға жуық уақытқа созылған жантүршігерлік ауыр тергеу Бейімбетті жасыта алмады. Өйткені, ол қазақ халқының болашағы жарқын екеніне сенімді еді.

Ақыры, 1938 жылы КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы көшпелі сессиясының үкімімен халық жауы деген жаламен Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин қылмыстық жазаның ең ауыры – ату жазасына кесілді. Бұнымен қоймай оның дүние мүлкі тәркіленіп, әйелі Гүлжамал «Алжир» деген әйелдер түрмесіне айдалады. Артынан, үлкен ұлын «халық жауының баласы» деп соғысқа алып кетеді. Өкінішке орай, ол соғыстан аман оралмай, майданда қаза болады. Бұдан бөлек, тағы тір баласы шахтада жұмыс істеймін деп, Қарағандыға кетеді. Ал, «Ғалия» аталып кеткен Гүлсім есімді 3 жасар кішкентай қызын алдымен балабақшаға, содан кейін Талдықорғанның Сарқанд ауданындағы балалар үйіне береді.
1938 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның құрбаны болды.
Міне, осылайша кеңестің сұрқия жүйесінің жауыз жендеттері аяулы жазушыны шімірікпестен өлімге қиды. Бірақ, олар шындықты біржола өлтіре алмады. Бейімбет Майлин небәрі 44 жыл өмір сүрді. Бірақ, аз ғұмыр сүрде де, Бейімбет Майлин өзінің аса шебер жазылған көркем шығармалары арқылы ұлттық әдебиетімізді кемел биікке көтерді. Соның айғағындай ұлттық кейіпкерлердің ғажайып галереясын жасады. Сондықтан да жылжып жылдар өтсе де, бір ғасырдан бір ғасыр асса да ұлы дарынның есімі ел жүрегінен ешқашан өшпейді.