
1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» драмалық опера түрінде сахналанды. Опералық шығармасының алғашқы қойылымы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «көрсетілді. Басты партияларды Күләш Байсейітова (Жібек), Қанабек Байсейітов (Төлеген), Манарбек Ержанов (Шеге) орындады.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды.
Опера күні бүгінге дейін сахна төрінде қойылып келеді.
Ұлттық классикамыздың қастерлісі «Қыз Жібек»! Қыз Жібек — қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан. «Қыз Жібек» жыры — аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері — Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. Жібек бейнесі — сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіш.
Қыз Жібек–лиро-эпостық жыр. Шамамен XVII-ғасырда жазылған. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Тұңғыш рет Е.А. Александров Мұсабай ақыннан жазып алып, мазмұнын орысшаға қара сөзбен аударған (1880). 19 ғасырдың екінші жартысында татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен “Қыз Жібек” жырын жинап, 1894 жылы Қазанда бастырған. Сондай-ақ Жүсіпбек Шайхысыламұлы Қазан қаласында 1900, 1903, 1905, 1909, 1911 ж. қазақ тілінде жариялаған. “Қыз Жібектің” Тухватуллин жинаған нұсқасы 1925, 1933, 1939, 1957, 1967 ж. басылып шығып, 1958 жылы “Қазақ эпосы”, “Казахский эпос” жинақтарында, 1963 жылы “Қыз Жібек” деген атпен қазақ, орыс тілдерінде жарияланды, 1988 жылы орыс тілінде жеке кітап болып шықты. Қазір ҚР Орталық кітапханасының қолжазба қорында жырдың бірнеше нұсқалары сақтаулы. Оның ішінде Қ.Мырзағалиев, Ә.Дәнікеров, Ж.Қалмағамбетов, Е.Рақметов, Р.Мәзқожаев нұсқалары бар.
Биыл қазақ өнерінің алтын қазынасы «Қыз Жібек» операсының сахналанғанына – 90 жыл. Халқымыздың кәсіби опера тарихы осы «Қыз Жібектен» бастау алған. Ғабит Мүсіреповтың либреттосымен Евгений Брусиловский жазған «Қыз Жібектің» премьерасы 1934 жылы Алматыда қаласында, Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында опералық шығарманың алғашқы қойылымы өтті.
«Қыз Жібек» бүгінгі күні ұлттық опера өнерінде ең ұзақ бақытты өмір кешкен қасиетті туынды! Оны өмірге келтірген авторлар – композитор Евгений Брусиловский мен жазушы Ғабит Мүсіреповтің, басты рөлдердегі Күләш, Қанабек Байсейітовтердің, Құрманбек Жандарбековтің, Манарбек Ержановтың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Шара Жиенқұлованың есімдері ұлттық опера өнерінің шежіресіне алтын әріппен жазылды.
Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторлары, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Тәттімбеттің ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқаракөк» сынды халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын қанықтыра түсті. «Қыз Жібек» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді.
Опералық қойылымда Жібектің рөлін алғаш сомдаған қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова. Ал, Төлегенді Қанабек Байсейітов ойнады. Әйгілі әнші Манарбек Ержанов та Шегенің образын көрерменге тамаша жеткізді.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, арманына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады.
«Қыз Жібек» операсының көркемдік құндылығы – оның музыкалық тілінде жатыр. Ғасырға жуық тарихы бар опера.
«Қыз Жібек» қазақ халқының кең тараған аңызына арқау болып, халқы үшін өз бақытын құрбан еткен Жібек пен оның сүйіктісі Төлегеннің қайғылы махаббат хикаясын баяндайды. Опера батыстық классикалық опера элементтерін қазақтың дәстүрлі әуендері мен ырғақтарымен үйлестіретін әсем музыкасымен және қазақ мәдениетінің этикасы мен құндылықтарын бейнелейтін әсерлі әңгімелерімен танымал. Бұл операның өшпес мұрасын, оның қазақ мәдени мұрасына қосқан үлесін және қазақ опера өнерін дамытудағы маңызын құрметтеуге негіз бар.
Кемеңгер Ахмет Жұбановтың 1933 жылы Ленинград (қазіргі Петербор) қаласына барып, 27 жастағы Евгений Брусиловскийді қазақтың кәсіби музыкасын көтеру үшін Алматыға арнайы шақырғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бірақ екі жылға келісім берген Брусиловский өзінің бар шығармашылық өмірінің 37 жылға созылатынын, саналы ғұмырының қазақ жерінде өтетінін, қазақтың кәсіби музыка өнерінің негізін салушылардың бірі болатынын болжап білмегені хақ. Міне, 1933 жылы Қазақстанға келе сала, өзі қызмет ететін Алматы музыкалық-драма техникумы жанындағы халық музыкасының ғылыми-зерттеу кабинетінде дәстүрлі музыканың хас шеберлері Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Науша және Махамбет Бөкейхановтар, Уахап Қабиғожин, Лұқпан Медетов, Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Иса Байзақовтың орындауында 250-ден астам халық және халық композиторының інжу-маржандарын нотаға түсіріп, артынан оларды өзінің туындыларына арқау етті. Ол өзінің газетке берген бір сұхбатында: «Мен қандай музыка жазсам да, бәрібір ол қазақ музыкасы болып шыға береді…» деуі содан болар. Евгений Григорьевич 9 операны дүниеге әкелген композитор.
Солардың ішінде «Жалбыр» (либреттосы Бейімбет Майлиндікі, 1935 ж.), «Ер Тарғын» (либреттосы Сағыр Қамаловтікі, 1936 ж.), «Айман-Шолпан» (либреттосы Мұхтар Әуезовтікі, 1938 ж.) қойылымдары кезінде көрермен халықтың керемет қошемет-ықыласында болды. Бірақ солардың ішінде бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқаны – «Қыз Жібек» операсы. Оның бірден-бір себебі, «Қыз Жібек» либреттосының шекспирлік деңгейдегі ғажайып мүлтіксіздігі деп білемін. Мұнда ұлылық пен зұлымдық, нұрлы күн мен сұрлы күн, тазалық пен ластық, асқақтық пен арсыздық бітіспес қақтығысқа түсіп, ақыры жас жүректердің ғашықтық сезімін тұншықтырып тынады. Бұған дейін де, бұдан кейін де отандық драмалық туындыларда болмаған, аспан айналып жерге түскендей көріністегі Ұлы даланың ұлы трагедиясы бұл! Әрине, мұндай әдеби көркемдік деңгейі биік либреттоға музыка жазу Брусиловский сияқты тұлғалы композиторға шынайы бақыт еді. Ғабит Мүсірепов әрқашан Евгений Брусиловскийге деген өзінің шынайы достық көңілін тебірене, шығармашылық қарым-қатынасын ерекше білдіретін.
Осыған дәлел ретінде композитордың 1970 жылы Алматыдан Мәскеу қаласына біржола қоныс аударғанда, ұлы жазушының оған жазған хатынан үзінді келтірейін: «…Евгений! Сенің бізден біржола кетіп бара жатқаныңды енді қазір ғана ұқтым. Азын-аулақ адал адамдардың бірі мүлде алыстап бара жатқандығынан көңіл пернелерім бырт-бырт үзілуде. Ағымнан жарылатын, адал көңіліммен сырласатын адамдарым Мұхтар мен Сен едің. Осы жолдарды саған «Қош!» – деп айтқан сөзімдей қабыл ал, сүйікті адал досым. Тұла бойы тұтас өзіңнің Ғабитің». Ғабеңнің де 500 жылдан астам тарихы бар, қазақ халқының көне лиро-эпостық дастандарының бірі «Қыз Жібекке» бет бұрғаны кездейсоқ болмас… 1936 жылдың мамыр айында Кеңес Одағының астанасы Мәскеу қаласында Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Бірінші декадасында Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы көрсетіліп, бұл қойылымды, ондағы Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованы көрген Иосиф Сталин оны «Қазақ бұлбұлы» деп атаса, орыстың ұлы әншісі Антонина Нежданова «Чудо!» деп таңдай қақты.
Міне, шетсіз, шексіз Ұлы даланың жусан аңқыған аршын төсі, сағым қуған тұлпарлар тұяғының қуатты дүбірі, күн сәулесін қанатына ілген аққулар қаңқылы, бәрі-бәрі әншілердің, хордың, оркестрдің үнінде, мың бұралған балет биінде беріліп, Үлкен театрдың сахнасын ғаламат көрініске бөледі. «Қыз Жібек» операсының 1968 жылы 1000-шы, ал 2008 жылы 1500-ші қойылымы Абай атындағы академиялық опера және балет театрында өтті. Енді ол 2013 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында бірінші рет жаңа музыкалық редакцияда, жаңа режиссерлік шешімде, акустикалық, компьютерлік, жарық беру технологиясымен, пластикалық хореографиялық тұжырымдамада, кейіпкерлердің ойнау, сөйлеу, ән айту тәсілдері қазақтың дәстүрлі орындаушылық ерекшеліктерінде қойылып отыр.
Рас, ұлтымыздың көне мұрасы – «Қыз Жібекпен» қазіргі көрерменді таңғалдыру қиын. Себебі алғашқы опера театры ашылғанын әйгілеген ақжолтай жаңалықтың басында тұрған эпостың сахнаға көшкеніне де келесі жылы 90 жыл толып жатыр екен. 1934 жылдан бері үздіксіз қойылып келе жатқан қазақ әдебиетінің теңдессіз жауһары осы күнге дейін опера да болды, драмаға да айналды, кино тілінде де үн қатты. Және әрқайсысы өз ерекшелігімен өнер тарихында жазылып қалды. Еліміздің өзге қалаларын айтпағанда, бүгінде бір ғана елорда театрының барлығының дерлік репертуарында өз көрерменін тапқан «Қыз Жібегі» жүріп жатыр. Атап айтсақ, Жастар театрында мюзикл жанрында сөйлеген туындыны «Астана мюзикл» театры өз репертуарында тағы жаңғыртты. Бірнеше жыл бұрын Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында лиро-эпос деп ұсынылса, жақында Музыкалық жас көрермен театрында этно-фольклорлық мюзикл болып қайта жанданды.
«Қыз Жібек» операсы қазақтың халық аңызына негізделген, қазақ халқының салт-дәстүрін, құндылықтарын, баяндылық мұрасын көрсететін құнды мәдени жәдігерге айналды. Бұл аңызды опералық сахнаға шығару арқылы опера отандық және халықаралық аудитория үшін қазақ мәдениетінің қырларын сақтайды және дәріптейді. Опера Қазақстан үшін ұлттық бірегейліктің символы болып саналады. Ол қазақтың мәдени мұрасына деген мақтаныш сезімін оятып, қазақ халқының бірлік сезімін оятуда маңызды рөл атқарды. «Қыз Жібек» өзінің тақырыбы мен музыкасы арқылы қазақтың ұлттық болмысын қалыптастыруға және бекітуге үлес қосады.