Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ақын Ханбибі Есенқарақызы биыл 75 жасқа толып отыр.

Сайрам аудандық балалар кітапханасы журналист, ақын, Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы Ханбибі Есенқарақызының 75 жас мерейтойына арнап «Хан қызындай Ханбибі» атты әдеби вернисаж ұйымдастырды. Мақсаты: Оқырмандарға Ханбибі апамыздың ақындығы жайлы білімдерін тереңдету. Оқырмандарға эстетикалық көзқарасын кеңейту. Сұлулыққа, әсемдікке тәрбиелеу.

Есенқарақызы Ханбибі 1949 жылы 30 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастады. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тамамдаған. Институтта оқып жүріп Макаренко атындағы мектепте мұғалім, 1972 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту», «Красное знамя» газеттерінде әдеби қызметкер, 1980 жылдары облыстық халық шығармашылығы орталығында бас маман болып қызмет атқарған. 1987 жылы облыстық «Қайырымдылық және денсаулық қорын», 1989 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған. Бұл салада ол мемлекеттік тілдің кең ауқымда өмірге енуіне ат салысып, «Тіл туралы» заңның жобасын жасауға қатысады.

2003 жылдан облыстық саяси қуғынсүргін құрбандары мұражайының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі.

11 кітаптың авторы. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды. Әнге айналған «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббат өмірлері» халық арасына кеңінен таралды.

Шара барысында ұлтымыздың өнер, әдебиет саласындағы ерен еңбегі үшін Х.Есенқарақызына биыл ҚР Президентінің жарлығымен Мемлекеттік стипендия иегері атағы берілгені айтылды. Сонымен қатар, бұған дейін театрда сахналанып келген «Нұрикамал» әні жақында киноэкранда көрсетіле бастағанын оқырман қауымы тілге тиек етті.

Қазақтың көрнекті ақыны, қазақтың қайсар қызы Хан-апамыздың шығармалары жүректен шығып, жүрекке жетеді. Әдебиет әлемінде өзіндік орны бар мықты тұлға ретінде ерекше құрметтейміз! Жазарыңыз таусылмасын, Хан апа!