
Бүгін Алматы облысы, Қарасай ауданында Қазақстанда тұратын этностар арасында қазақ халқының өнері мен мәдениетін жан-жақты насихаттау және дамыту мақсатында «Өнеріміз саған – Қазақстан!» республикалық фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау, қазақстандық патриотизм мен еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру. Қазақстан халқының бірлігін сақтау және еліміздің көптүрлі мәдени жетістіктерін көрсету.
Аталмыш шараға барлық этномәдени бірлестіктердегі қазақ халқының ұлттық өнерін жетік меңгерген (домбыра, қобыз, сырнай, тағы басқа ұлттық аспаптарда ойнайтын, қазақ әні мен биін орындайтындар) этностық топ өкілдерінің жеке және топтық орындаушылары қатысты.
Осы орайда, аталған фестивальде Түркістан облысының намысын қорғаған Мұратжан Атажанов «Ән салу» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Қазақтың халық әндері мен термелерін домбырада әуелете шырқайтын Мұратжан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, Сауран ауданындағы «Жауқазын-1» балабақшасының музыка пәнінің жетекшісі. Ол республикалық, облыстық байқауларда өнер көрсетіп, түрлі мәдени шараларда белсенділік танытып келеді. Мәселен, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен өңірлік «Үкілі домбыра-2023» байқауында лауреат атанған.
Сондай-ақ «Өнеріміз саған – Қазақстан!» республикалық фестивалінде тағы бір жерлесіміз саурандық Дильноза Таджиметова өз өнерімен көпшілікті тәнті етті. Дильноза «Ән салу» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Қазақ халқының құндылықтарына құмартып өскен бұрымды домбыра шертуді 15 күнде үйреніп алған. Түрлі дәстүрлі ән байқауларында бақ сынап, шеберлігін шыңдап жүрген ол өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған «Мың бала» жобасында барлық кезеңді артқа қалдырып, республикалық мәреде де бірінші болды. Осы сайыста «Сүгірдің термесін» шырқаған Дильноза көпшіліктің көңілінен шықты.
«Жұмабек Ташенов атындағы мектебімізде ақылы домбыра үйірмесіне барып жүргеніме бір жылдан асты. Домбыраны қолға алуыма ұстазым Ұлжалғас Әбілдахан әсер етті. Ұстаз алғаш рет домбырасын ұстап кіріп келгенде керемет әсерге бөлендім. Апайымның сол кездегі бейнесі тарихтағы өнерлі тұлғаларды көз алдыма келтірді. Көздің жауын алатын бүрмелі көйлек, оюмен өрнектеліп, моншақтармен әдіптелген қазақтың ұлттық киімінде, ұлттық аспап домбырамен дәстүрлі әнді шырқай білгенім, бір жыл бұрын осының бәрін үйренуге бел байлағаным мен үшін маңызды мәртебе», дейді Дильноза Зарифқызы.
Республикалық өнер додасында топ жарған жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылықтарың шарықтай берсін!