
Бүгін Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы және С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Жарқ еткен жұлдыз» атты поэтикалық марафоны өтті.
Шара аталған білім ордасында Сәкен Сейфуллинның атындағы арнайы залдың ашылуымен басталды. Залдың лентасын «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Жарқынбек Құлбайымбетов, Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер Тұрысбек Мырзабай, С.Сейфуллин мектебінің ардагер ұстазы Жакупова Гүлдана, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің директоры Ибадуллаева Рая, жас ақын, «Түркістан» газетінің тілшісі Дәурен Тілеухан қиды.
«Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Нәльтаева Пернекүл поэтикалық марафонды ашып, маңызына тоқталды. Жас ақындар Арқалық Әмәлият, Бауыржан Ерман және Түркістан облыстық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің “БАҚ пен қоғаммен байланыс” бөлімінің басшысы Ақтөре Қайрат Сәкен Сейфуллинның және өз өлеңдерін оқып, әдеби кештің көркін кіргізді. Мектеп оқышулары да өз кезектерінде ақынның өлеңдерін оқып, келушілерге өнерлерін паш етті.
Кеш соңында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқынбек Құлбайымбетов, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің директоры Ибадуллаева Рая қорытынды сөз алып, өнерлі оқушыларды кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызының арнайы алғыс хаттарымен марапаттады.
Сәкен Сейфуллин – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. Алғашқылардың бірі болып Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1920–1925) қызметін атқарды. Ол Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген.
Оның «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағы 1914 жылы Қазан қаласында шықты. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасын алғаш рет көрсеткен. Сәкен Сейфуллин Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Сейфулиннің адал еңбек жолы тек бұл салада ғана емес. Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманағы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақ мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақ коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін де атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.
Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында бірқатар еңбек жазды. Оның публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі зор.