ЕРТЕҢІМІЗДІ БАҒАМДАЙТЫН МЕРЕКЕ!

Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған ұлттық мереке – 25 қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Берекелі қоңыр күзде баршаға жан шуағы мен жайдары көңіл-күй сыйлайтын бұл мереке өткенімізді саралап, ертеңімізді бағамдайтын мерекелердің бірі болып отыр.

Елімізде бұған дейін Республика күні 25 қазанда – 1990 жылы Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күні тойланатын. Бірнеше жылдан бері үзіліп қалған мереке қайта жаңғырып, аталып өтілуде.

Ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген тұлпардың тұяғы тозатын ұланғайыр жерімізде өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

«Республика күні еліміздің мемлекетке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс. Әрине, Тәуелсіздік күні басты ұлттық мереке болып қала береді. Бұл күні азаттыққа қол жеткізуге зор үлес қосқан ұлттық қаһармандарымыз құрметтелуі керек», — деді Мемлекет басшысы.

Біз осы уақытқа дейін үш онжылдықты бастан кешірдік. Алғашқы онжылдық – еліміздің негізін қалау кезеңі, екінші онжылдық – еліміздің өрлеу кезеңі, үшінші онжылдық – еліміздің кемелдену кезеңінен өттік. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Жыл басынан болған оқиғалардан кейін еліміз жаңа бағытқа қадам басып отыр. Біз бұл бағытқа барлығымыз бірге, жұдырықтай жұмылып, жол бастауымыз керек.

Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлының Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кемел келешек пен жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан ауданда әлеуметтік мәселелер шешілгенімен білім, денсаулық, мәдениет салаларында жөндеуді қажет ететін нысандар да бар. Сол жұмыстар алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

Елді мекендерде ішкі көшелерді жөндеу, орталық көше бойларына жарық шамдар орнату, аллеяларды абаттандыру жұмыстары алдағы жылы жүзеге аспақ.

 Аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігінің және еңбекке деген құштарлығының арқасында өңіріміздің дәулеті мен сәулеті артып, әл-ауқатымыз жылдан-жылға жақсаруда.

Баршаңызды Республика күнімен құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді болсын!

Н.ІЗТІЛЕУОВ, Түлкібас ауданының әкімі.

Х.БАЙЫСБАЕВ, Түлкібас аудандық мәслихаттың төрағасы.

Мерекелік лебіздер!

Құрметті аудан тұрғындары сіздерді 25-қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн –еліміздің тәуелсіздігі Отанымыздың тарихында көптеген маңызды оқиғалар болды, ал бүгінгі күні біз сол тәуелсіздігімізді тойлаймыз. Әр қазақтың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік, ұлттық патриотизм мен ұлттық рух болуы керек. Тәуелсіздік-бұл бізге берілген құндылық, оны бағалап, сақтап қалуымыз қажет. Көпшілік білетіндей, 1990 жылғы 25 қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылданды, еліміз тәуелсіздікке бет бұрды, азат болудың алғышарты жасалды. Сондықтан біз үшін бұл күннің орны ерекше.

Қазіргі шақта Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды қадамдары жасалуда. Еліміздің құрылымдық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында жаңғыртулар қолға алынды. Халық жаңа қоғам қалыптастыруға деген бастамаларға қолдау білдірді. Жастарымызға білім мен тәрбие беріп, патриоттық рухты қалыптастыруымыз керек. Тәуелсіз еліміздің болашағы – өзіміздің қолымызда. Сондықтан, жастарды қолдау, олардың армандары мен үміттеріне қол ұшын беру – біздің міндетіміз. Мемлекет басшысының «Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ», — деген сөзі әрқайсымыздың жадымызда жатталып тұр. Бұл мереке еліміздің еркіндігін, қуаттылығын және гүлденуін білдіреді.

Аспанымыз бейбіт, таза, жұртымыз бір үлкен отбасыдай ынтымағы жарасқан болсын. Жүрегіміз мемлекетімізге деген мақтаныш сезіміне бөленіп, бірлік пен түсіністікке ұмтылып, жемісті еңбек бақытты болашақтың кепілі болғай!

Ә.КЕРІМҚҰЛОВ, Келтемашат ауылының ақсақалы, ауданның Құрметті азаматы.