Бүгін Созақ аудандық “Мыңжылқы” мәдениет үйінде халқымыздың асыл мұралары, ою-өрнектерімен безендірілген, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық ерекше шара өтті. Бұл шара – ардақты ана, аяулы әже Бибайша Бекмағанбетқызының 92 жасқа толған мерейтойына арналды.
Шараның шымылдығы қазақтың ұлттық дәстүрін, мейірімділігін және даналығын көрсететін ақын, драматург, ҚР Мәдениет саласының үздігі Байділдә Айдарбековтің «Аяулы ана Бибайша» спектаклімен түрілді. “Созақ халық театры” ұжымы сомдаған қойылымда Бибайша әженің өмірі, ісмерлігі мен мейірімі өрнектелді.
Ізгі шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды сөз сөйлеп, аудан әкімінің ыстық сәлемін жеткізді. Құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов ізгі тілегін арнап, шараның маңыздылығына тоқталды. Бибайша ананың халық мәдениетіндегі орны мен рөлін атап өтіп, құттықтау хат табыстады.
Шараға келген көпшілік “Мыңжылқы” мәдениет сарайының фоесінде Бибайша Бекмағанбетқызының қолөнер бұйымдарынан қойылған көрмені тамашалап, ұлттық өнердің шеберлігін көрді.
Айта кететін жайт, аталмыш шара С. Қожанов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде бастау алды. Музейде Бибайша анаға арналған экспозициялық бұрыштың лентасы қиылып, өмірі мен өнері туралы мәліметтермен танысуға мүмкіндік берілді.