
Бүгін ұстаздар күні мерекесіне орай Созақ ауданы орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұстазыма мың алғыс» атты салтанатты шара өтті. Шара барысында ұлағатты ұстаздардың құрметіне дайындалған бейнеролик көрсетілді.
Салтанатты шараны Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ашты.
— Ұстаздар бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін. Қиындығы мол еңбекте тың табыстарға қол жеткізіп, еліміздің атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін,-деп ұлағатты ұстаздарды айтулы мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ білім саласының әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға тоқталып, жоспарларымен бөлісті. Білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздарды марапаттады. Шараға арнайы қатысқан сала ардагерлеріне гүл шоқтарын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жаны жайсаң, мейірімділік пен асқан адамгершілікті жанына серік еткен ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, бірқатар ұстаздарды марапаттады.
Шара аясында шәкірттері биік белестерді бағындырып жүрген шығармашыл ұстаздарға Түркістан облысы әкімі мен аудан әкімінің алғыс хаттары және Түркістан облыстық мәслихатының Грамотасы, аудандық мәслихаттың арнайы алғыс хаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғысы мен Түркістан облысының білім басқармасының «Құрмет Грамотасы», алғыс хаты, Өрлеу» Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Кәсіподаққа еңбегі сіңгені үшін» медалі мен «Құрмет Грамотасы», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі, облыстық кәсіподақ комитетінің «Құрмет Грамотасы» табыс етілді.
Салтанатты жиын концерттік шараға ұласты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән конкурсының лауреаты, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Кенжебай Шал мерекелік шараны жанды дауыстағы әсем әнмен өрнектеді. А. Жұбанов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздары күмбірлете күй орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Шараға жиналған жұртшылық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фоесінде қойылған ұстаздардың қолөнер көрмесін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.
Сонымен бірге, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков созақтық ұстаздарға мерекелік құттықтау жолдады:
Құрметті ұстаздар қауымы! Ардақты білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаздар бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн. Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», — деп қазіргі заманда білім сапасы жоғары ұлт қана жаһандану талаптарына жауап бере алатындығын атап өтті.
Бүгінгі таңда ауданымыздағы 35 мектепте 2203 аяулы ұстаздар өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында табандылық танытуда. Ұстаздарымыздың бірі облыстық түрлі деңгейдегі кәсіби сайыстардан жүлделі орындардан көрінсе, енді бірінің шәкірттері көптеген байқаулардан жүлдегер атанып отыр.
Қадірлі ұлағатты ұстаздар!
Тәуелсіз қазақ елінің дамуы мен білім саласының әлеуетін арттыруға қосқан еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, баянды ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еңбекте тың табыстарға қол жеткізіп, еліміздің атын әлемге танытатын білімді де талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін!».