
25 қазан — Республика күніне орай Мақтаарал ауданында салтанатты кеш өтті.
Іс-шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, барша көрермендерді ұлттық мерекемен құттықтады.
«Ұлттық мереке – бұл туған жерін, Отанын сүйетін әрбір қазақстандық үшін ұлық күн. Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол тәуелсіз — Қазақстан. Қазақ халқы өзінің болашағы мен балаларының тағдырын сонымен ғана байланыстырады. Еліміздің әрбір азаматы мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты сезініп, игі істердің ұйытқысы бола берсін демекпіз. Республика күнімен шын жүректен құттықтай отырып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілейміз» — деді, Алтын Күнтуқызы.
Іс-шара барысында Достық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Маңғыстауова Айгерім Халбайқызы және Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-жер инспекторы Сәбденов Хамит Берікұлы көпшіліктің алдында ант беру рәсіміне қатысып, отанға, еліне және қызметіне деген адалдығын білдірді.
Салтанатты кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойып, патриоттық тақырыптарда әндер шырқады.
Сонымен бірге, Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы мақтааралдықтарға Республика күнімен құттықтау жолдады: «Құрметті отандастар! Қадірлі жерлестер! 25 қазан — Республика күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күннің тарихы 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күннен бастау алады. Сол сәттен бастап, егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды деп айтсақ та қателеспейміз. Бұл күн – ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған азаттық күні.
Бұл даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор, әрі әділ және тарихи шешім. Осы күнге жетуіміз үшін ерлеріміз «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеді». Рухы биік халық қиынға қайыспайды, ауырға мойымайды. Ұлы даланы аман-есен сақтап қалған да — осы асқақ рух.
Ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған халық қана өз дегеніне жете алады. Ең бастысы, ортақ шаңырағымыз – сүйікті Отанымыз ырысқа кенеліп, көк байрағымыз биікте желбірей берсін!
Халқымыздың бірлігі мен қиындыққа мойымайтын ерік-жігері мен қайсарлығының арқасында егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, мәдени-рухани келбеті жоғары деңгейге жетті. Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім салтанат құрып, көзқарастары, пікірлері сан алуан дүниенің дүйім жұртын бір дөңгелек үстел басына жиды. Шекараны шегендеп, тату тірлігін әлемге паш етті. Мұның барлығы да азаттықтың арқасында қол жеткен табыстар, ғасырда жасалар ғаламаттар.
Барша аудан халқын еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін.
Баршамыздың ортақ Отанымыз — Қазақстан гүлдеп, жайнай берсін!».