
24 қазан – Кітапханашылар күні. Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгіні ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан — ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып, табыстырушы өзіндік тұлға, ол – кітапханашы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «24 қазан – Кітапханашылар күні» жаңа кәсіби мерекесін жариялауы бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білімнің, елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда қызметкерлері – кітапханашыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін үлкен құрметтің белгісі.
«Жақсы кітап – жан азығы». Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, кез-келген елдің мәдениетінің ең бастысы – кітапхана. Кітапхана-ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің, байтақ пен біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын ояту кітапханашының тікелей міндеті. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Міне, сондай елеулі еңбектің иесі — Сейітбекова Зоя Тоқтасынқызы. Ол кісінің есімі тек Түлкібас жұртшылығына емес күллі кітап сүйер оқырманға таныс. Тамыры тереңге жайылған әулеттің отанасы, бір ауылдың абыройлы анасы, әріптес-достарының құрметті құрдасы, өзінен кішілерге жол көрсетер ақылшысы болып жүрген апайымыз қаншама еңбектің нәтижесін көрсетіп, жас мамандарға, қала берді жас аналарға үлгі болып жүр. Ол кісінің аты атала қалса, үлкен кісі тұрмақ, кішкентай баланың өзі сүйіспеншілікпен жағымды пікірлер айтып, жарысып жатады. Мұның өзі апайдың мақтауға бергісіз жан екенін дәлелдейді емес пе?
Зоя Тоқтасынқызымен өз басым жұмысқа жаңа орналасқан күнімнен бастап жақсы танимын. Еңбек жолындағы ең алғашқы мақалам апайдың ұйымдастырған іс-шарасы жайында еді. Жас маман болып Жабағылы ауылдық модельді кітапханасына бардым. Жалғыз емес, сатирик Алпысбай Боранбайұлы, ақын Әбдібек Аралбайұлы, айтыскер ақындар Келімбетов Аспандияр және Келімбетов Тұрысбек ағалармен топ болып бардық. Аядай ғана ауылдағы шағын кітапхананың материалдық-техникалық базасын, әдістемелік көрнекіліктерін, кітаптардың орналасу тәртібін көріп таң қалғанымды жасыра алмағанмын. Ауыл кітапханасы да осындай келбетке ие болады екен ау деп те ойладым. Іс-шара апайдың қайын атасы ақын Әбдімәлік Тәшенұлын еске алуға арналыпты. Еске алу кеші өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Телебағдарламада отырғандай күй кештік. Ауыл балаларының сарнап жаттау айтуы, ақын Тәшенұлына арналған арнау өлеңдер оқылуы, сыр сандықтан атамызға тиесілі құнды заттардың шығуы, ұл-қыздарымен сұхбат жасай отырып, ақынның ел білмейтін құпияларын ашуы бәрі-бәрі жіпке тізілген моншақтай келісіп, көңілімізді көтерген еді. Сол кезде апайдың қайын аталары, ағалары, қайын әпкелері осындай келінінің барына қуанып, «Біздің тамырымыздың тереңге жайылғанын, осындай әулет екенімізді елге танытып жатқан Зоядай келінімізге ризашылығымызды білдіреміз. Бұл болмаса бізді кім таныр еді» деп өзіндік пікірілерін білдірген еді. Бұл іс-шара тек бергі жағы. Одан кейін де талай жандарды Жабағылының төріне шығарып, қаншама жиындар өткізді. Ол ұйымдастырған жиынның бәрі өтті кетті дей салатын жиын емес, ауыз толтырып алты ай айтатын шаралар болатын. Әрбір басқосудан кейін, аң-таң болып, апайдың сан қырын танып, қайран қалатынымыз бар. Ол кісі туралы көп адам жақсы пікір білдіреді. Адамды алалап, анадан сұра, мынау сөйлесін деу жоқ. Оны танитын кез келген кісі жүрегінің жұмсақтығын, жанарының мейірімділігін, қазақы тәрбиенің қаймағын жиып туғандығын, қайсарлығын, өр мінезін ауыз толтырып айтады.
ӘУЛЕТТІҢ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТКЕН КЕЛІН
Күлбибі ЕШЕНҚҰЛОВА, аудандық әжелер алқасының төрайымы:
Зоя мен үшін ең үлгілі келін, ана, әже. Оның сондай жақсы жан екенін сөзбен айтқаннан гөрі көріп, куә болған артық ау. Тәрбиесі мен тектілігі бір төбе болса, шығармашылық қабілеті бір бөлек. Оның әрбір іске деген жауапкершілігі, тиянақтылығы әрқашан жоғары. Айтылған сөз ол үшін атылған оқпен тең. Ойға алған жоспарын іске асырмай тынышталмайтын бірбеткейлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, үлкенді сыйлай білетін, кішіге өнеге көрсете алатын тәрбиелілігі бізді үнемі қуантады. Зоя балаларына да осы қабілетті дарыта білген. Үйіне келген қонағына ас ұсынбай, дәм таттырмай шығармайды. Шығармашыл жандарға үнемі қолдау танытып жүреді. Қаншама ел ағаларына, өнер адамдарына, шығармашыл жандарға қолдау білдіріп, әдемі кештер ұйымдастырды. Мекемтас Мырзахметұлына арналып ұйымдастырылған кеш қандай керемет өтті. Өзінің атасы Ташенұлына арнап өткізген еске алуы бөлек әлем. Осының барлығы Зояның көрегенділігі деп білемін. Мектеп ұжымымен, оқушылармен байланысы тым жоғары. Ол ұйымдастырған кештің барлығына мектеп оқушылары бір кісідей ат салысады. Ұстаздар да аянып қалмайтынын байқадым. Осыдан ақ Зояның көңілі дариядай кең, жүрген жерінде абыройының биік екенін аңғаруға болады. Өз ісін сүйетіні, әдемілікке құштар екені ол жасаған істерден ақ аңғаруға болады. Үйде келісті келін, дана ене, ақылшы әже. Жолдасына үнемі қолдау білдіріп отырады. Зояның қашанда ер адамды жоғары қоя білетін қабілеті қазіргі көп келіндерге сабақ болса деймін. Ол ер адам жанында тұрғанда асыра сөйлемейді, айқайлап күлмейді. Үлкеннің алдынан кесіп өтпейді. Зейнет жасына жетіп, орта жастан асса да ол әдебін ұмытқан емес. Тектілік, тұлғалық деген осы болар. Келіннің бәрі Зоядай болса, әр шаңырақ берекеге, құтты қонаққа, сыйлы адамға толар еді.
РУХАНИ ҚАЗЫНА ИЕСІ
Күлшира СЕЙДАЛИЕВА, С.Бреусов атындағы ЖББМ-нің директоры:
— Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ болса, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы кітапханашылар бүгінгі қоғамға ең қажет мамандық иесі. Әбіш Кекілбаев : «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын»-деп, бекер айтпаса керек.
Жабағылы ауылының кітапханашысы Тәшенова Зоя Тоқтасынқызы туралы айтпасқа болмас. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, жан-жақты, білімді, парасатты іскер маман. Жас бүлдіршін оқырмандарына арнап кітапхана жанынан кабинет ашып, заманауи үлгіде жабдықтап, кәсіби шеберлігімен оқырмандар көңілінен шыға білген жан. Мен Ә.Молдағұлова ЖББМ-де басшылық жасап жүрген кезімде қаншама іс-шараларды бірге атқардық. Күллі қазаққа есімі таныс азаматтарды ауылымызға қонақ еттік. Шығармаларын оқушыларға таныстырып, ауыл балаларын білімге, ілімге бағыттадық. Сондай бірлесе жасаған істер барысында Зоя Тоқтасынқызының көп адамға беріле бермейтін сан мың қырын байқадым. Өмірге құштарлығынан бөлек, белсенділігін, талапшылдығын айтпай кетуге болмас. Әр істен әдемілік пен үйлесімділік күтетін қыры маған қатты ұнайды. Қағаз жүзінде жылы жабу ол кісіге мүлде жат қылық. Бәрін ойдағыдай, ең жоғары деңгейде өткізу керек деген талаппен жүретіндігін байқадым. Сонымен қатар, сол кездері туған қайын атасы Әбдімәлік Тәшенұлына арнап ауыл мектебінің бір кабинетін жасақтап шығарды. Ол сыныптағы барлық жабдық ең соңғы үлгідегі техникамен де, көрнекілікпен де толықтырылды. Осының барлығына мұрындық болып, үлкен әулетті ұйытып, бір іске жұмылдыруға шақырған осы Зоя Тоқтасынқызы еді. Қайын атасын өзінің әкесінен кем көрмей, мұрасын мұрағат етіп, елге танытып жатқан апайға ел қашанда риза деп білемін. Еңбегі қашанда еленіп, халықтың ықыласына бөлене берсін деймін. Осындай керемет апайы бар, анасы бар біздің Жабағалы жұртшылығы қашанда бақытты.
ЗОЯ ТОҚТАСЫНҚЫЗЫНЫҢ АРҚАСЫНДА АУЫЛ КІТАПХАНАСЫ ТОҚЫРАУДАН АМАН ҚАЛДЫ
Рысбек ИГЕНБАЕВ, Шақпақ ауылдық кітапханасының меңгерушісі:
— Иә, Зоя Тоқтасынқызы әріптестерінің арасында өте сыйлы, үлкен құрметке ие жан. Өйткені, Жабағылы ауылдық кітапханасын тоқыраудан алып қалған бірден бір кісі осы. Тоқырау жылдарында көптеген ауылдық кітапхананың кітап қоры азайып, жабылып қалып жатты. Сонда апай өзінің кітап қорын көзінің қарашығындай сақтап, дүкен сөрелеріне орналастырып, үлкен ерлік жасаған болатын. Содан Жабағылы ауылдық модельді кітапханасы болып құрылды. Құрылғаннан бастап апай барлық жағынан жұмыс жасады. Аядай ғана кітапхананы адамның көзі тоятындай келбетке келтірді. Мемлекет қаржыландырсын, бөлінген ақша жетпей қалды деп қол қусырып отыру апайға мүлде жат дүние. Қаласа қалтасын қағып шығарып, ойындағын жасап алады. Есесіне кітапхана жаңа келбетке енеді. Жаны әдемілікті, әсемдікті сүйетіні осыдан ақ белгілі болар. Сосын ол кісі өте жомарт жан. Қолындағысын беруге, жан жараңды бөлісуге әрқашан дайын. Үйіне ғана емес, ауылына келген қонаққа ат мінгізбесе де, жібек шапанын жауып, құдасындай сый көрсетіп шығарып салады. Міне-тектілік, қонақжайлылық. Кітапханасындағы әрбір көрнекілік үлкен оймен жасақталған. Әрбірі бір дүниені айтып тұрғандай әсер береді. Қиялының жүйріктігі осыдан ақ байқалса керек. Сосын Зоя апайдың маған жасаған ең жақсы дүниесі мені тәрбиелеуі. Әйел азаматтармен қатар жүріп, жұмыс жасау көп жерде табандылықты талап етеді. Сондай сәттерде маған қолдау танытып, «топты бастап шық, сен сөйле, сен осылай жаса, сен барып сый көрсет» деп үнемі алға шығарып, әріптестер арасында абыройымды арттырып отырады. Ер адамға деген құрметі шығар деп ойлаймын. Әпкемдей болған асыл адамның кітапхана саласы үшін жасаған еңбектері де орасан зор. Еңбек еленеді. Қаншама марапаттар табысталып, төсбелгілер тағылды. Зоя Тоқтасынқызы одан да биік мақтау мен марапатқа ие деп білемін. Еңбегінің зейнетін көріп, бал бақытқа бөлене берсін деймін.
ПЫ/СЫ: Сан түрлі мамандықтар бар, бірақ кітапханашы мамандығы мен үшін өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. Біз кітапханашылар кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, мейірімді жүздерімен өздеріне бірден баурап алады. Кітапханадағы көпшілік жұмыстардан қызметкер ретінде маған ұнайтыны, жастардың қарым-қатынасын қалыптастыратын, олардың пікір алмасу арқылы ойларын өрістететін ортаның-әдеби клубтардың жұмысы. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол, сондай-ақ инабатты да, еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет. Баршаңызды кітап оқуға, әдемілікті сүюге шақырамын»,- деген апайдың сөзімен қорытындылағым келіп тұр. Елі сүйген, елін сүйген Зоя Тоқтасынқызын зейнет жасымен шығармашылық топ болып бізде құттықтаймыз. Еңбегі еленіп, әркез ауылының махабатына бөленіп, амандықта жүре берсін дейміз. Сіздей анасы барда Жабағылы ауылының азаматтарының алатын асуы, бағындыратын белесі мол болады деп сенеміз.
Аяжан МӘМЕТ.