Түлкібас ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің базасында жазушы, ақын, журналист, Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Тұрсынбек Ешенқұловпен кездесу кеші өтті.
Өткізілген іс-шараға мектеп әкімшілігі, білім беру ұйымының 5-11 сынып оқушылары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Г.Оразбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен ауылдық кітапхана оқырмандары қатысты.
Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар Тұрсынбек Ешенқұлов 1938 жылы Түлкібас ауданы, «Көкбұлақ» ауылында дүниеге келген. Қонағымызды мектеп оқушылары гүл шоқтарымен қарсы алды. Түлкібас өңірінің тумасы, ақын Тұрсынбек ағайымызды мектеп өмірімен таныстырып, мектеп кітапханасында арнайы әзірленген кітап көрмесі мен ақын шығармашылығына арналған бұрышты пән әдіскері Г.Оразбаева жан-жақты таныстырды және әрі ардагер ұстазбен келелі әңгіме өрбіді.
Сыр сұхбатқа толы кездесу барысында 5-11 сынып оқушылары Т.Ешенқұловтың шығармашылығына арнайы тоқталып, бірнеше шығармаларынан атап айтар болсақ, » Күн тұтылғанда», «Құрдастар», т.б. повестерінен монолог оқып, сатиралық шығармаларынан «Есектің ақылы», «Беттегі айқас», «Жемқорларға кеңес» сықаққа толы сатиралық өлеңдерінен үзінді оқыды.
Сонымен қатар, әдебиетке жаны құмар оқушыларымыз жазушының өмірі мен шығармашылығы бойынша толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, пікірталас кезеңі қызықты өрбіді.
Кеш соңында ақын, жазушы Тұрсынбек Ешенқұлов алғысын білдіріп, өз батасын беріп, мектеп оқушыларына өмірден алған сабақтарымен бөлісті.
Сонымен бірге, өзімен бірге алып келген төл туындыларын мектеп кітапханасына және ерекше көзге түскен оқушыларға өз қолтаңбасымен бірге ұсынды.
Осындай тәлім-тәрбиеге толы әрі балаларды кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған, шығармашылыққа баулитын іс-шаралар аудан көлемінде өз жалғасын таба бермек.