Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірдегі ақ жаулықты аналардың шаңырағына барып, қарттар күнімен құттықтады. Абай ауылының тұрғыны Кәзима Досмайлованың шаңырағында болған аудан басшысы кейуанамен тілдесіп, ақ батасын алды.
– Қарты бар үйдің — қазынасы бар, қарттарға құрмет — жас ұрпаққа асыл міндет дейді, — халқымыз. Қарт ата апаларымыз отбасының тірегі әрі ұйтқысы немерелеріңіздің қорғанышы, балаларыңыздың ақылшысы, асқар тауы да әрине сіздерсіздер. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесіңізді қосып, саналы ғұмырыңызды Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан Өздеріңіз аман болыңыздар. Мереке құтты болсын, — деген аудан әкімі Жәнібек Есенұлы 84 жасты қарсылаған кейуананың иығына ақ орамал жауып, гүл шоқтарын табыстады.
Кәзима Досмайлова 1940 жылы 30-наурызда Түлкібас ауданының Жаңаталап ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі колхозда есепші, ал анасы үй шаруасында болған. Мектепті 1958 жылы аяқтап, Шымкент қаласындағы «Н.Крупская» атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, аталған институтты 1962 жылы бітірді. 1962 жылы бір группада білім алған Сапарбаев Бәкірбай атты жігітке тұрмысқа шығып, жолдасымен Келес ауданындағы «Ленин жолы» орта мектебіне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Еткен ерен еңбегі үшін 1972 жылы «Оқу ісінің үздігі» деген значокпен марапатталды.
1990 жыл 50 жасында бала санымен зейнеткерлікке шықты. Кейіннен 1990 жылдан бастап 1997 жылға дейін ұстаздық қызметін жалғастырды. 1997 жылы еңбек өтілі аяқталып, зейнеткерлікке шықты. 35 жыл ұстаздық еткен Кәзима Досмайлова «Еңбек ардагері» медалімен, аудандық және облыстық грамоталарымен марапатталған. Жолдасымен бірге бір ұл және төрт қызды тәрбиелеп өсіріп, сол ұл-қыздардан бүгінде 15 немере және 22 шөбере сүйіп отыр.
Сонымен бірге, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев келестік ардагерлерді мереклерімен құттықтады: «Ардақты ардагерлер! Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін, ерекше мейрам. Барша баланың ең сүйікті де, ең жақсы көретін мейрімді аталарымыз бен әжелеріміздің мерейлі мерекесі. Қарттар күнін осыдан 34 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді. Ғұмырларыңыздың ең қызықты да жарқыраған жастық шағын еліміздің өркендеуіне, келер ұрпақтың игілігіне арнадыңыздар. Бүгінде қарттар күнін атап өту, оларға құрмет, қолдау көрсету дәстүрлі іс-шаралардың біріне айналды. Аталған мерекеде ауданымызда қалыс қалмай еліміздің дамуына үлес қосқан қарияларымызды, жалғызілікті қарттарымызды мерекемен құттықтап, ақ батасын алуға асығамыз. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан, саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан қарттарымыз аман болсын. Келес ауданында 11 мыңнан аса ардагерлер, 100 жастан асқан үш ардагер ана тұрады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімде есепте тұрған 109 жалғызілікті қарттарға әлеуметтік көмектер көрсетіліп, оларға арнайы мамандар қызмет етуде. 2024 жылы қарттары сауықтыру орындарында ем алу үшін облыстық қаражаттан 460 жолдама, аудан қаражатынан 224 жолдама қарастырылып, зейнеткерлер емдік сауықтыру орындарына жіберілді.
Құрметті Абзал ардагер ағалар, Қадірлі Асыл аналар!
Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ақылы – дария, білімі – теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!».