
25 қазан — Республика күні мерекесі қарсаңында Отырар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесінің ұйымдастыруымен зейнет жасындағы 20 еңбек ардагерлері Астана қаласына саяхат жасауға аттанды.
Шәуілдір ауылындағы орталық алаңға жиналған ардагерлерді саяхатқа шығарып салуға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы барып, ақсақалдарға ақ жол тіледі.
Астанаға саяхатқа шығуды ұйымдастырып, ақсақалын құрметтеген аудан әкіміне ардагерлер алғыстарын айтты.
Ардагерлер күннен-күнге жаңарып түрленген Астана қаласының көрікті жерлерін көзбен көріп, басқа да тарихи, көрнекті, киелі орындарды аралайтын болады. Саяхат барысында дәрігерлер мен арнайы мамандар бірге жүруі жоспарланған. Жатын орны бар жайлы автобусқа жайғасқан отырарлық ардагерлер Елорданы бетке алып, жолға шықты.
Айта кетейік, аудан басшылығы жыл сайын еңбек ардагерлерінің рухани демалуына, киелі өлкеге саяхат жасауына жағдай жасап, сый-құрметке бөлеуді дәстүрге айналдырып келеді.
Сонымен бірге, Отырар ауданының әкімі Қ.Жолдыбай аудан тұрғындарын Республика күнімен құттықтады: «Құрметті отырарлықтар, баршаңызды 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Естеріңізде болса, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы жасалған болатын.
2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан — Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған еді.
2023 жылдың маусым айында Ұлытау баурайында өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні мерекесін араға 13 жыл салып, қайта қайтаруды ұсынып, ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапты.
Міне, осы сәттен бастап Республика күнін мемлекеттік мереке ретінде екінші рет атап өткелі отырмыз.
Бүгінде татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері, алған асулары жетерлік. Мемлекетіміздің дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты міндетіміз болып табылады.
Соңғы жылдары ауданымыздың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, инфрақұрылым нысандары, білім ошақтары, медициналық орталықтар салынып халықтың игілігіне берілуде. Бір сөзбен айтқанда, отырарлықтар әлі де талай асуларды асып, талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
Бүгінгі мерейлі мереке күні барша отырарлықтарға мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды, еліміз еңселі болсын. Республика күні құтты болсын!».