
Бүгін Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев аудандағы қорғаныс саласының бір топ қызметкерлерін қабылдады. Қабылдауда еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқынына қарсы шараларға белсене қатысқаны үшін алғысын айтып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан келген марапаттарды табыстады.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Тосыннан келетін апатты оқиғалар, табиғи жайттар еліміздің әр түкпірінде мезгіл-мезгіл туындап жатады. Бірақ қай кезде де халқымыз соның бәрін ауызбіршілігінің арқасында жеңіп келеді. Басына іс түскен ағайынға көмектесу, жылу жинау – қазақ халқының атадан мирас болып келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Еліміздің батыс өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіп, төтенше жағдайлармен күресте ерлік пен ержүректіліктің озық үлгісін көрсеткендеріңіңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңызға деген адалдықтарыңыз бен азаматтық ұстанымдарыңызға алғыс айта отырып, зор денсаулық, отбасыларңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін»,-деді.
Кездесуде аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Мұхтар Әуезұлы еліміздегі қиын-қыстау кезеңнің алғашқы күнінен бастап қызметкерлердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп, өз өзге де жұмыстарға белсене атсалысып, қызметтеріне адалдық танытқандарын ерекше атап өтті.
Өз кезегінде қорғаныс саласының қыметкерлері елдегі қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, көмектесу әрбір азаматтың парызы екенін айтып, еңбекті елеп марапат ұсынған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне ризашылығын жеткізді.