
Түркістандықтар қазан айында қос мерекені қатар атап өтеді. Елдігіміздің белгісі – Республика күнімен қатар «Қала күні» мерекесін де атап өту дәстүрге айналған. Осы мерекелерді жоғары деңгейде атап өту мақсатында қала әкімдігі тарапынан қала деңгейінде іс-шаралар жоспары дайындалып, жоспар негізінде бірнеше шаралар өтіп жатыр.
Солардың қатарында бүгін оқушылар арасында «Түркістан көркі» тақырыбында байқауы ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлері шығармашылық шеберліктерін көрсетті. Сурет байқауында оқушылар қиялындағы көріністерді ақ қағазға түсірді. Бұл байқауда да қатысушылар екі жас бойынша сараланып, сайысқа түсті. 71 оқушы қатысқан байқауда түрлі бағытта суреттер салынып, суреттер арасынан Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Айнора Құрбанәлі мен Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының оқушысы Мереке Айтбайдың жұмыстары жоғары бағаланып, бас жүлдеге ие болды. Жүлдегерлермен қатар барлық қатысушы оқушылар қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарына ие болды.