Түркістан облысында экотуризм қарқынды дамып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров туризм саласын дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі табиғи ландшафттары, көркем таулы аймақтары мен ерекше экожүйесі арқылы туристерді қызықтыратын негізгі орындардың біріне айналып отыр. Мұнда демалыс орындарын дамыту, туристік бағыттарды кеңейту және табиғи нысандарды насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған аумақтың экологиялық тазалығы мен табиғи байлығы өңірде экотуризмді дамытуға үлкен мүмкіндік беріп, отандық және шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттыруда.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Қазақстанның оңтүстік бөлігінде орналасқан табиғи әсемдікке бай аумақ. Бұл қорық 2006 жылы құрылған және оның негізгі мақсаты – Түркістан облысының бірегей табиғи байлығын қорғау және сақтау.

Сайрам-Өгем қорығының аумағы 149 694 гектарды құрайды, ол өз кезегінде Тәңіртау тау жүйесінің бөліктерін қамтиды. Мұнда биік таулы аймақтардан бастап, өзендер мен көлдер, жайылымдар мен ормандарға дейінгі түрлі экожүйелер кездеседі. Қорықта көптеген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер түрлері тіршілік етеді.

Ұлттық парктың аумағы әртүрлі кіру режимдері бар үш аймаққа бөлінген: қорық режимі (кіру жабық), туристік және рекреациялық. Ұлттық парктің аумағында Сайрам шыңы бар, ол теңіз деңгейінен 4236 м биіктікте орналасқан. Сонымен қатар Қырық қыз жартастары, Мақпал көлі теңіз деңгейінен 2100 м биіктікте орналасқан, Сусіңген биік таулы көлі (теңіз деңгейінен 1700 м) бар және Грейг қызғалдақтары өседі.

Сайрам-Өгем МҰТП аумағында өсімдіктердің 1635 түрі бар. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген 62 түрі кездеседі.

Сайрам-Өгем қорығының флорасы мен фаунасы ерекше бай. Мұнда өсімдіктердің 1635 түрі бар, олардың 240-ы сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түрлерге жатады. Жануарлар әлемі де бай – мұнда 59 сүтқоректі, 300-ден астам құс түрі және көптеген жорғалаушылар мен қосмекенділер тіршілік етеді.

Қорықтың басты мақтанышы – қар барысы. Бұл жыртқыш аң Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және оны қорғау үшін арнайы шаралар қабылданған. Сонымен қатар, қорықта сұңқар, ұлар, бұғы, арқар және басқа да көптеген жануарлар кездеседі.

Парк аумағында рекреациялық аймақтарда туризм саласын дамытуға, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және туристік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда парктың 17 519 гектар жер телімі рекреациялық және туристік қызмет аймағы болып саналады. Бұл аумақта келушілерге арнап 11 туристік соқпақ ұйымдастырылған. Сонымен қатар, парк аумағындағы жалпы ауданы 343,2 гектарды құрайтын 29 жер телімі туристік және рекреациялық мақсатта пайдалануға берілген.

Сайрам-Өгем қорығы туристер үшін ерекше тартымды жер. Мұнда табиғат аясында демалу, тау туризмімен айналысу және экотуризм мүмкіндіктері бар. Қорық аумағында туристік маршруттар мен соқпақтар салынған, бұл туристерге аймақтың әсемдігін тамашалауға мүмкіндік береді.

Қорықтың ең танымал туристік бағыттарының бірі – Өгем тау жоталары. Мұнда туристер биік шыңдарға шығып, әсем көріністерді тамашалай алады. Сондай-ақ, қорық аумағында көптеген әсем көлдер мен өзендер бар, олар да туристердің қызығушылығын тудырады.

Сайрам-Өгем қорығының маңызы зор. Ол Түркістан облысының табиғи байлығын сақтау мен қорғауда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, қорық экотуризмді дамытуға ықпал етіп, аймақтың экономикалық дамуына да үлес қосады. Табиғатты қорғау шараларының арқасында, Сайрам-Өгем қорығы болашақ ұрпаққа да осы әсем табиғатты тамашалауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, рекреациялық аймақтарда демалыс нысандарын көбейту, экотуризмді дамыту мақсатында инфрақұрылым жүргізіліп, жол салынуы қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туристік әлеуетін арттыру бағытында алдағы уақытта да бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, келушілерге қолайлы жағдай жасау, жаңа туристік бағыттарды дамыту, экологиялық талаптарға сай демалыс орындарын көбейту және табиғи аумақтарды қорғау шараларын күшейту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, экотуризмнің дамуы жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына жол ашады. Табиғи мұраларды сақтай отырып, туризмді дамыту Төлеби ауданының экономикалық әлеуетін арттырып, Түркістан облысының туристік картасындағы маңызын одан әрі нығайта түседі.