
Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі» «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында орналасқан, жақында пайдалануға берілген жаңа, заманауи Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы мәдени-спорт кешеніне көшіріліп, жаңаша бағытта жұмыс істей бастады.
Бүгінде музей ұжымының басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастыру, ұлттық спортты, отандық тұлғалардың өнегелі өмір жолын дәріптеу және жас буынның мәдени-танымдық көкжиегін кеңейту. Осы бағытта музейде барша тұрғындар мен қонақтарға арналған танымдық экскурсиялар жүйелі түрде ұйымдастырылуда.
Жаңартылған музей экспозициясында қазақ халқының даңқты перзенті, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен спорттағы теңдессіз жетістіктері кеңінен қамтылған. Мұнда тарихи құжаттар, сирек кездесетін фотосуреттер мен құнды жәдігерлер келушілерге ерекше әсер сыйлайды.
Экспозицияның ең бір көрнекті тұстарының қатарында Қажымұқан атамыздың Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға сыйға тартқан ұшағының үлкен макеті, палуанның 1938-1943 жылдары Отырар ауданы Ақтөбе ауылында тұрған үйінің макеті, сондай-ақ Қажымұқанның өзі тұрған киіз үйі музей төрінен лайықты орын алған. Бұл жәдігерлер келушіні өткен ғасырдың тарихи кезеңіне жетелеп, ұлт перзентінің ел үшін жасаған ерен еңбегін терең сезінуге мүмкіндік береді.
Музейде бұрын болмаған Ордабасы ауданы мен Түркістан өңірінің спорт шежіресін айшықтайтын тың экспозициялар да ұсынылған.
Ордабасыдағы жаңа мәдени-спорт кешені өңірдің тарихи және мәдени мұрасын сақтап, насихаттаудың тиімді алаңына айналды. Мұнда келушілер ұлттық спорт пен ел перзенттері туралы ақпаратты заманауи форматта қабылдап, тарихи фактілерді тәжірибелі түрде зерттей алады.
Музейдің жұмыс бағыттары жастарға патриоттық және мәдени сана-сезімді қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Экспозициялар арқылы келушілер тарихи оқиғалармен танысып, өңірдің спорттық дәстүрлерін тереңірек түсінеді.
Сондай-ақ, жаңа нысан туристік тартымдылықты күшейтіп, Ордабасы мен Түркістан өңіріне келетін қонақтардың санын арттыруға ықпал етеді. Музей мәдениет пен спорт саласындағы жобаларды біріктіріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер береді. Бұл бастама тек тарихи жәдігерлерді көрсетуге емес, жас буынға үлгі болып, жергілікті мәдени өмірді дамытудың маңызды құрамдас бөлігіне айналатыны ерекше атап өтуге тұрарлық.
