
Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл жолы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік, жұмыспен қамту, білім, денсаулық, кәсіпкерлік және өзге де салаларға қатысты өзекті мәселелер бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.
Төлеби ауданының тұрғыны саумал өнідірісін кеңейту мақсатында мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға жолдаған өтінімі қолдау таппағанына шағымданды. Өтініш иесіне жобалар тәуелсіз комиссия мүшелері қарауынан өтіп, шешім қабылданатыны түсіндірілді. Облыс әкімінің орынбасары биыл да мемлекеттік грант алу үшін конкурс өтетіні туралы ақпарат беріп, сала басшыларына жұмыс істеймін деген азаматтарға қолдау көрсетуді тапсырды.
Түркістандық тұрғындар әлеуметтік нысандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалмағанына наразылығын білдіріп, инклюзивті орта қалыптасыру бағытында ұсынсытарын жеткізді. Сонымен қатар азаматтар жұмыстан заңсыз шығару, қысым көрсету, жұмысқа орналасу, тегін ота жасау сияқты мәселелерді ортаға салып, білім саласын цифрландыру бағытында жобаларына қолдау сұрады.
Қанат Қайыпбек көтерілген әрбір мәселені мұқият тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапса, зерделеуді қажет ететін мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрғындармен кері байланыстың маңыздылығын атап өтіп, азаматтардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, жеке қабылдауға жазу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Қабылдау барысында тұрғындардың көтерген мәселелерін жүйелі шешуге бағытталған жаңа ақпараттық платформалар мен мобильді қосымшаларды енгізу жоспарлануда. Бұл азаматтарға өз өтініштерін оңай жолдап, жауап алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шағын бизнес пен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету жүйесі де цифрлық форматта жетілдіріледі.
Жеке қабылдаулар тұрғындар мен билік арасындағы диалогты нығайтып, шешім қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуметтік әділдік пен сенімділікті күшейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, инклюзивті ортаны дамыту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында арнайы жобалар қолға алынады. Мұндай бастамалар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартып, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді нығайтуға септігін тигізеді.
