Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвестормен ресми кездесу өткізіп, өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен жоспарлар қарастырылды.

Облыс басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, қолайлы географиялық орналасуы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері және мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдаулар туралы кеңінен баяндады. Инвесторларға арналған жеңілдіктер, индустриялық аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері, сондай-ақ әкімдік тарапынан жобаларды сүйемелдеу тетіктері таныстырылды.

Нұралхан Көшеров өңірде инвестициялық ахуалды жақсарту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұған дейінгі келіссөздерді нақты нәтижеге ұластырып, өндірісті іске қосу қажеттігін айтты.

Қытайлық инвестор бірқатар бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастықты нақты жобалармен нығайтуға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша жауапты басқармаларға инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп, ұсынылған жобаларды кезең-кезеңімен пысықтау тапсырылды. Әсіресе, өндіріс орындарын ашу барысында жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым тарту және құжаттандыру рәсімдерін жеделдету мәселелеріне басымдық берілмек. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Шетелдік серіктестермен, соның ішінде Қытай компанияларымен байланысты нығайту жаңа технологиялар трансфертіне, өндірістік тәжірибе алмасуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, қосымша жұмыс орындары құрылып, аймақтың халықаралық экономикалық байланыстары кеңейе түспек.