Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өңір аумағында улы газдан уланудың алдын алу және өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталу барысын тексерді.

Өрт пен жарылыс жағдайларының алдын алу, сондай-ақ адам шығынын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Газ инспекциясы» мекемесі және «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Төлеби аудандық өндірістік филиалының мамандары қатысты.

Тексеру барысында пәтерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі, электр және газ жүйелерінің қауіпсіз пайдаланылуы жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Пәтер иелеріне қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертіліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.