
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында рейдтік жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, газдан уланудың алдын алу мақсатында тұрғын үйлер мен базарларда, қоғамдық тамақтану орындарында арнайы рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және аудандық төтенше жағдай бөлімінің, «Жетісай қызмет» мекемесінің «Газ инспекциясы» бөлімі қызметкерлері тарапынан жүргізілген тексеру барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған бірқатар кәсіпкерлер мен тұрғындар анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 306-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Нақтырақ айтсақ, дәмханалар мен сауда нысандарында алғашқы өрт сөндіру құралдарының жоқтығы, эвакуациялық шығу жолдарының жабық немесе талапқа сай белгіленбегені, электр желілерінің дұрыс орнатылмауы, тез дайындалатын тамақ өнімдерін пісіру барысында талапқа сай келмейтін газ баллондарын пайдалану фактілері анықталды. Сертификатталмаған, жарамдылық мерзімі өткен немесе қауіпсіздік талаптарына сай орнатылмаған газ баллондарын қолдану, газ баллондарының жылу көздеріне тым жақын орналастырылуы, ашық от маңында сақталуы немесе өз бетінше қайта толтырылуы өрт пен жарылыс қаупін едәуір арттыратыны, заң бұзушылықтарды қысқа мерзімде жою керектігі ескертілді.
Сала мамандарының айтуынша, мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – адам өмірі мен мүлкін қорғаудың басты кепілі. Осыған байланысты кәсіпкерлерге қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарамай, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
