
Тазалықтың сақталуын денсаулықтың негізгі тетігі деп білетін жетісайлықтар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық тазалық жұмыстарына атсалысты.
«Дені сау адам ғана қоғамның толыққанды мүшесі бола алады» деген қағидаға амал жасап, мүмкіндігінше қоршаған ортаны, табиғатты таза ұстауға әрекет етіп келе жатқан мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен аудандық мәслихаттың депутаттары, ерікті жастар мен экожанашырлар, жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан сенбілік жұмыстары ауданның кіре беріс қақпасы саналатын Ш.Ділдәбеков ауылдық округінен бастау алды.
Республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен саябақтардың, скверлер мен демалыс орындарының аумақтары, арық-атыздар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің маңайлары ретсіз тасталған қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, қоқыстар арнайы орындарға топтастырылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізілген аумақтар түрлі шөптерден тазартылды.
Ауданның экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымдарын дамыту және табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 2 мыңға жуық тұрғын мер 25 арнайы техника жұмылдырылды. 18 тонна қоқыс шығарылды.
Ауданда тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық жұмыстары аудан басшысының жіті бақылауында. Өйткені, шара ауданның тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық санасын да қалыптастыруға бағытталып отыр.
Сенбілікке қатысушылардың еңбегімен тазаланған аумақтар, әрине, Жетісай ауданының тазалық деңгейін арттыруға үлкен үлес қосуда. Бұл шара тұрғындардың қоғамдық белсенділігін, экологиялық сана-сезімін қалыптастыруға жол ашып, қала мен ауылдардың көркін сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жұмыстар тек қоқыстарды жинап қана қоймай, халық арасында табиғатқа деген қамқорлық пен жауапкершілік сезімін де күшейтеді. Қоршаған ортаға деген түсініктің өзгеруі, әрбір тұрғынның тазалыққа өз үлесін қосуы – ауданның экологиялық жағдайын жақсартудың маңызды кезеңі болып табылады.
Сенбілік жұмыстарының тағы бір маңызды қыры – бұл жергілікті жастар мен ерікті азаматтардың белсенділігі. Олар тек қоқыс жинаумен ғана шектеліп қалмай, экологиялық мәселелерді көтеріп, тазалыққа деген оң көзқарасты қалыптастыруда үлкен рөл атқаруда. Әсіресе, жастар арасында экологиялық тәрбие беру, оларды қоршаған ортаға қамқор болуға шақыру маңызды. Мұндай шаралар болашақ ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Алдағы уақытта осындай сенбіліктер мен экологиялық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, Жетісай ауданында экологиялық таза орта қалыптастыруға атсалысатын тұрғындардың саны одан әрі арта түспек. Қазіргі уақытта ауданның тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасып, тұрғындардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру үшін бірқатар жаңа жобалар қолға алынатын болады.
