
Түркістан облысында электр желілерінің инфрақұрылымын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Облысқа қарасты елді мекендерді сапала электр желісімен қамту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауданның 83 елді мекені орталықтандырылған электр желісіне қосылған болса, оның ішінде 68 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылған.
Биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 19,91 шақырым 10-0,4 кВ электр желілеріне және 7 трансформатор қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қараша айында аяқтап, желілердің тозу деңгейін 57,6 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Сонымен қатар 5 елді мекенде жаңа электр желілерін тарту жұмыстары толық аяқталып, бүгінде қосу жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Лесбек батыр, Көгерту елді мекекендері, Біртілек ауылдық округіне қарасты Ораз ата, Игілік және Қолтоған елді мекендері.
Одан бөлек, Алпамыс батыр ауылдық округіндегі Ақжол және Қауыншы елді мекендерін сапалы электрмен қамту жобасы 2025 жылдың қаржы жоспарына енгізіліп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ақжар және Көкбұлақ елді мекендерінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, Ошақты ауылдық округіндегі Саңырау мен Қоңыртөбе, Бірлік ауылдық округіндегі Үшағаш, Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтуға арналған жобалар дайындалды.
Желілердің жаңартылуы мен күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындарды сапалы және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Орталықтандырылған электр желісіне қосылған елді мекендердің санының артуы, әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындар үшін үлкен жаңалық. Бұл тұрғындар үшін тұрмыстық жағдайды жақсартып, өндірістік жұмыстар мен кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етуде.
Сонымен қатар, жаңадан тартылып жатқан электр желілері мен трансформатор қондырғыларының орнатылуы, инфрақұрылымның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жұмыстардың аяқталуымен электр қуатының сапасы жоғарылап, тозығы жеткен желілердің жұмыс тиімділігі артады деп күтілуде. Алдағы уақытта жаңа жобалар мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру арқылы тағы да көптеген елді мекендер сапалы электрмен қамтылып, энергия үнемдеу және тұрақтылық мәселелері шешіледі.
Мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның тұрғындарының өмір деңгейін көтеруге айтарлықтай әсер етеді. Электр желілерінің жаңаруы және кеңеюі ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпорындардың дамуына да қосымша серпін бермек.
