Облыс бойынша 2025 жылдың 9 айында тұрғындар арасында А вирусты гепатитінің 61 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге төмен. Науқастардың 49,1%-ы мектеп оқушылары, ал 24,5%-ы мектеп жасына дейінгі балалар. Бұл туралы өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Мақұлбекқызы мәлімдеді

«Аурудың алғашқы белгілері ЖРВИ немесе тұмауға ұқсас болуы мүмкін, сондықтан көп жағдайда адамдар оны елемей жатады. Белгілері — әлсіздік, шаршағыштық, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, іштің оң қабырғасының астында ауырсыну және дененің сарғаюы. Гепатит А әдетте созылмалы түрге өтпейді, алайда ауыр жағдайларда бауырдың қызметі бұзылып, ағзаның уыттардан тазару қабілеті төмендейді. Бұл жалпы әлсіздікке, жұмыс қабілетінің төмендеуіне және басқа ағзаларға салмақ түсуіне әкелуі мүмкін. Науқаспен байланыста болған адамдар науқасты оқшаулаған сәттен бастап күнтізбелік 35 күн бойы апта сайынғы медициналық бақылауға алынып, иммундық статустары анықталады. А вирустық гепатитінен қорғанудың ең сенімді әрі тиімді жолы — еке алу. Елімізде екпе тегін және Ұлттық егу күнтізбесіне сай 6 ай аралықпен 2 рет жүргізіледі» — деді спикер.

Ақерке Мақұлбекқызының айтуынша, А вирусты гепатитінің тіркелген жағдайларының төмендеуі аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмысы мен тұрғындардың арасында ауруды алдын алу шараларының артқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіштің азаюы — вакцинация, санитарлық нормаларды сақтау және білім беру саласында жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Сонымен қатар, балалар мен мектеп оқушыларының арасында таралуының төмендеуі, әсіресе, мектептер мен балабақшаларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуына тікелей байланысты.

Бұл оң динамика мен профилактикалық шаралардың арқасында Түркістан облысында А вирусты гепатитіне қарсы күрес нәтижелі болуда. Дегенмен, тұрғындарға аурудың белгілеріне немқұрайлы қарамау және профилактикалық екпелерді уақытылы алу қажеттілігі ескерілуі тиіс. Әрбір азаматтың денсаулығын қорғау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту әрі халықтың ауруға қарсы иммунитетін нығайту жұмыстары одан әрі жалғасын табатын болады.