
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Жетісай ауданында санитарлық тазалық пен экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ілкімді істер жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылы жетісайлық кәсіпкер-меценат Бахаридин Абдазмимовтың демеушілігімен 55 млн. теңгеге қала тазалығын сақтауға арналған заманауи техникалар алынса, биылғы жылы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен облыстық бюджеттен 272 млн. 250 мың теңге қаржы қаралып, ауданның коммуналдық шаруашылық саласына қажетті 16 жаңа техника сатып алынды.
Жыл мезгілдеріне байланысты қар, құм, шаң тазалайтын арнайы құрылғылары бар 13 замануи трактор мен 13 тіркемені, 3 дана жүк тиегіш (автопогрузчик) техниканы сала мамандарына салтанатты түрде табыстаған аудан әкімі Серік Мамытов жаңа техникалардың ауданның санитарлық тазалығын жақсартуға, жүйелеуге, экологиялық мәдениетті арттыруға зор септігін тигізетінін атап өтті.
– Мемлекет басшысының бастамасын бір кісідей қолдап, сенбілік жұмыстарында белсенділік танытып жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекеттің қолдауымен алынып отырған бұл техникалар коммуналдық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеріп, еңбек өнімділігін арттыратын болады. Ауданның тазалығын сақтауда жергілікті әкімдіктер мен тұрғындардың бірлескен іс-әрекеті үлкен рөл атқарады. Алдағы уақытта аталған салаға тағы 13 трицикл сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасы аясында өткен жылы ауданда 35 сенбілік өткізілсе, биылғы жылдың басынан бері 96 мыңға жуық адам мен 280 техника жұмылдырылған 75 ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, 680 тонна қоқыс шығарылған.
Республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына «Таза Қазақстан» тақырыбында 10, тазалықты сақтауға үндеу мақсатында 4 баннер ілінген.
Техникалық жаңартулар мен санитарлық жағдайларды жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасын табуда. Жетісай ауданындағы жаңа техникалар тек қана тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті көтеруге, қаланың көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да маңызды үлес қосады. Заманауи техника көмегімен қаладағы санитарлық жағдай айтарлықтай жақсарып, көше тазалығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері тиімді шешімін табады.
Жалпы, жаңа техникалар тұрғындардың өмірін оңтайландырып, коммуналдық қызметтер сапасын айтарлықтай арттырады. Бұған дейін коммуналдық сала мамандары көбінесе ескі техникалармен жұмыс істеп келген болатын, ал жаңа техника күш-жігерді үнемдеуге және жұмысты жылдамдатуға мүмкіндік береді. Аудан әкімдігі де бұл жаңалықтың ауқымды әсерін байқап отыр, әрі алдағы уақытта тағы да жаңа техникалар сатып алу жоспарлануда. Бұл бастама экологиялық мәселелерді шешуге және тұрғындармен тығыз жұмыс істеуге бағытталған.
Сонымен қатар, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мен экологиялық ахуалды жақсарту тек техникалық құралдармен шектелмейді. Тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы серіктестік, ұжымдық жауапкершілік пен бірлескен іс-шаралар да өте маңызды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған сенбіліктер мен экологиялық шаралар халықтың осы мәселелерге деген көзқарасын өзгертуге көмектеседі. Қоғамдық санадағы тазалық мәдениетін қалыптастыру үлкен еңбек пен уақытты талап етеді, бірақ әр тұрғынның қатысуы мен жауапкершілігі арқасында нәтижелерге қол жеткізуге болады.
