27-30 қазан күндері Түркістан төріндегі «Olympic Center» спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз – қазақ күресінен Азия чемпионаты өтуде. Түркі дүниесінің рухани ордасына айналған қасиетті Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған сарықұрлық біріншілігінде ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша боз кілемге шығып, өзара мықтыны анықтайды.

Байрақты бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

– Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда ересектер арасындағы қазақ күресінен Азия чемпионаты басталды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістанның ерекше мәртебесі туралы Заң қабылданды. Соның нәтижесінде өңірді жан-жақты дамыту жұмыстары күшейді. Әсіресе спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, жаңа нысандар бой көтерді. Қалада халықаралық жарыстар жиі өтуде. Бүгінгі чемпионат – соның жарқын көрінісі. Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық рухы мен батырлық болмысының айнасы. Бүгін Азияның ең мықты балуандары осы киелі топырақта бас қосып, өз өнерін көрсетуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов пен UWW ұйымының бас төрешісі Эдмар Абдулаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.Биылғы құрлықтық чемпионатқа Азияның 12 мемлекетінен – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан, Непал, Филиппин, Бангладеш және Қазақстаннан 150-ге жуық балуан қатысып жатыр.

Бұл додада ел намысын қазақ күресінің таңдаулы шеберлері қорғайды. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 16 балуан (8 ер, 8 әйел) сынға түседі. Бұл қазақ күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатын Qazaq Kuresi қауымдастығы мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы және халықаралық қатысушылардың көптігі Түркістанның спорттық әлеуетінің өскенін көрсетеді. Бұл чемпионат өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті тұрғындарға ұлттық спорт түрлерін насихаттаудың маңызды алаңына айналып отыр. Сонымен қатар, аталған чемпионаттың өз деңгейінде өтуі болашақта басқа да халықаралық деңгейдегі жарыстарды Түркістанда өткізу мүмкіндігін арттырады.

Қазақ күресінен өтетін Азия чемпионаты Түркістанның халықаралық аренадағы мәдени рөлін одан әрі күшейтіп, Қазақстанның спорттық имиджін әлемге танытуда маңызды қадам болып табылады. Спортшылардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің Түркістанға деген қызығушылығы артқан сайын, қала мен облыстың экономикалық жағдайы да жақсарады. Қазақ күресі – бұл тек спорт емес, ол халқымыздың ұлт ретінде бірігуін, рухани және мәдени мұрасын сақтауды білдіретін құрал.

Алдағы уақытта осындай ірі жарыстарды Түркістанда өткізу арқылы жергілікті жастардың қызығушылығын оятып, оларға спорттық бағытта болашақта зор мүмкіндіктер туғызуға болады. Жастарды спортқа тарту және оларға қажетті жағдай жасау арқылы аймақтағы дене шынықтыру мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік туады. Әсіресе, бұл чемпионаттың жастар мен спортшылар үшін тәлімдік мәні зор, себебі ол ұлттық құндылықтарды сақтауға және дамытуға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін облыс орталығында «Turan Barysy», Әлем кубогы, Азия кубогы сияқты ірі халықаралық турнирлер өткізілді. Бүгінде өңірдегі 30 спорт ұйымында қазақ күресі бөлімшелері жұмыс істейді. Аталған мекемелерде 140 білікті бапкер 3 мыңнан аса спортшыны даярлауда.