
Бүгін Түркістан қаласында дәстүрлі Turkistan Marathon – 2025 өтті. Биылғы жарысқа 3 000-нан астам әуесқой және кәсіби спортшы қатысып, қасиетті қаланың көшелерімен жүгіріп өтті. Марафон шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты — 365 шетелдік спортшы әлемнің түрлі елдерінен келіп бақ сынады.
Шараның ашылу салтанатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, марафонның бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.
– Киелі Түркістан төрінде бастау алған «Turkistan Marathon – 2025» жарысына қош келдіңіздер! Бұл – тек тәннің емес, рух пен жігердің сынағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ұлт саулығын нығайту мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Марафон – салауатты өмір салты мен бірліктің мерекесі. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген спортшылар Түркістанда бас қосып отыр. Мұндай халықаралық деңгейдегі шаралар өңірдің туристік және спорттық әлеуетін арттырады, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Марафонда қатысушылар 42,2 шақырым, 21,1 шақырым, 10 шақырым, 10 шақырым скандинавиялық жүріс, сондай-ақ 3 км балалар қашықтығы бойынша бақ сынады. Жарыс нәтижелері World Athletics және AIMS сертификаттары арқылы халықаралық деңгейде мойындалады.
Аталған нәтижелер биылғы Turkistan Marathon – 2025 тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер болып тіркелді. Андрей Петров ерлер арасында 42,2 шақырым қашықтықты 2:16:58 уақытта еңсеріп, бұрынғы үздік нәтижені жаңартты. Әйелдер арасында Екатерина Тунгускова 2:40:45 көрсеткішімен мәре сызығын бірінші болып кессе, 10 шақырым қашықтықта Алишер Ахматалиев 30:31 нәтижемен жеке және жарыс рекордын орнатты. Осылайша биылғы марафон үш бірдей жаңа рекордпен есте қалды.
Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстан қалаларынан келді. Ең жасы үлкен спортшы – 91 жастағы Салиха Зигангерова. Ең көп өкілдік еткен шетелдіктер қатарында Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей бар. Сонымен қатар марафонға Азия және Тынық мұхиты аймағынан, Еуропадан, Солтүстік және Латын Америкасынан, Африкадан және Таяу Шығыстан да спортшылар арнайы қатысты.
Жарыс соңында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттап, қатысушыларға белсенділігі мен салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
Бұл марафон Түркістан қаласының халықаралық аренадағы спорттық әлеуетін айқын көрсетіп, Түркістанның туризм мен спорт саласындағы мәртебесін арттырады. Түркістан марафонының биылғы жылы шетелдік қатысушылар санының артқаны – еліміздің спортқа деген қызығушылығының жоғары деңгейде екендігін дәлелдейді. Түрлі елдерден келген 365 спортшының қатысуы шараның халықаралық маңыздылығын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар Қазақстанның имиджін нығайтуға және әлемнің түкпір-түкпірінен спортшыларды тартуға үлкен ықпал етеді.
Ең үлкен жетістік – марафонның Түркі әлеміндегі маңызды шараға айналуы. Түркі мемлекеттерінің ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясына енген Turkistan Marathon, елдер арасындағы спорттық байланысты нығайтып, өзара ынтымақтастықты арттыруға ықпал етеді. Ал TAN альянсындағы қатысушылар үшін Түркістанда өткен марафон ерекше кезең ретінде есте қалады, себебі олар естелік медальдар мен марапаттарға ие болады.
Айта кетейік, биыл Turkistan Marathon алғаш рет Turkic Alliance of Long Runs (TAN) құрамына енді. Бұл – түркі мемлекеттерінің ұзақ қашықтықтағы жүгіру сериясы. Альянстың 35 марафоншысы Түркістандағы жарысқа қатысып, түркі әлеміндегі жүгіру сапарын жалғастыруда. TAN аясындағы бес кезеңге қатысқан спортшылар арнайы марапат пен естелік медальға ие болады.
