
Түркістан қаласында Республика күні мен Қала күні мерекелеріне арналған «Тарих төріндегі – Түркістан» атты мерекелік гала-концерт өтті. Салтанатты шара Мұз сарайы жанындағы алаңда ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік концерттің шымылдығы отансүйгіштік рухтағы театрландырылған көрініспен ашылып, өңірдің өнерпаздары мен жас дарындарының қатысуымен жалғасты.
Кеш барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ұлттық мерекемен құттықтап, Түркістанның соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.
– Кез келген қаланың басты құндылығы – оның тұрғындары. Сіздердің еңбектеріңіз бен белсенділіктеріңіз қаламыздың қарқынды дамуына зор үлес қосуда. Біз Түркістанды заманауи, халқына жайлы әрі ерекше мәртебеге лайық қала ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап келеміз. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған 21 хан, 19 би, 52 батыр, 8 сұлтан мәңгілік мекенін осы киелі топырақтан тапты. Барлығы біздің осылай бақытты өмір сүруімізге өлшеусіз үлес қосқан асыл тұлғалар. Ендеше, біз бейбіт заманда ата-баба аманатына адалдық танытып, туған өлкемізді түлетуге барлығымыз атсалысуымыз қажет. Сіздер мен біздер өмір сүріп, еңбек етіп жатқан киелі шаһарымыздың өркендеп дамуы – баршамызға жүктелген ортақ міндет, – деп атап өтті қала басшысы.
Сондай-ақ мерекелік кеш аясында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар азаматтарға «Түркістан облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Олардың қатарында экономика, білім, мәдениет және коммуналдық сала қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен қоғам өміріне белсенді үлес қосқан азаматтар бар.
Мерекелік шарада елімізге танымал өнер жұлдыздары «Абырой» тобы, Төреғали Төреәлі, Мархаба Сәби және Қазыбек Құрайыш пен өзге де эстрада жұлдыздары қала тұрғындарын Қала күнімен құттықтап, әндерін тарту етті. Әсем ән мен әуезді әуенге толы кешті көрермендер зор ықыласпен қабылдады.
Гала-концерттің көркемдік бағдарламасында би қойылымдары, симфониялық оркестр сүйемелдеуімен орындалған халықтық және заманауи әндер, сондай-ақ, Түркістан өңірінің үздік шығармашылық ұжымдарының өнері ұсынылды.
Айта кетейік, мерекелік бағдарлама аясында күндіз ұлттық спорт түрлерінен сайыстар мен жәрмеңкелер, концерттік бағдарламалар мен сауда орталықтарында жеңілдіктер ұйымдастырылған болатын. Мерекелік жәрмеңке мен жеңілдіктер ертең де жалғасады.
