
Түркістан облысында елді мекендерді газбен қамту жұмысы өте қарқынды. Солардың бірі Жетісай ауданындағы Ж.Ералиев ауылдық округінің 2055 адам тұратын С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғындары «25 қазан – Республика күні» аясында көгілдір отынға қосылды.
2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жалпы сметалық құны 414 млн. 443 мың теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарын «РемСтрой» ЖШС өндірістік кестеге сай жүргізген. Енді ұзындығы 21,7 шақырымды құрайтын газ құбырынан 269 үй көгілдір отын пайдаланатын болады.
Елді мекен тұрғындарының қуанышын бөлісуге Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен «QazaqGazAimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков пен жауапты сала басшылары қатысты.
– Біз жыл басынан бері округ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеміз.Нақтырақ айтар болсақ, Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен ауыз су құбырын тартып, Жүзтерек көшесін орта жөндеуден өткіздік. Ал, Үтіртөбе елді мекенінен ауыз су ұңғымасы қазылып, СЭС сынамасының оң қорытындысы алынды. Қазірде аталған ұңғыманы елді мекеннің ауыз су желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде, – деген аудан әкімі Сейфуллин елді мекені соңғы аптада көгілдір отынға қосылған үшінші нысан екенін айтты.
Одан бөлек, округке қарасты Арай ауылында ойын алаңшасы мен саябақты ретке келтіру, Абай елді мекенінен Ырысты көшесіне аяқжол салу жұмыстары басталса, Жаңа дәуір елді мекенінен футбол алаңшасы салынған.
Жетісай ауданында газдандыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығы айқын байқалады. Бұл іс-шара жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларының дамуына оң әсерін тигізеді. Көгілдір отынның берілуі тек тұрмыстық қажеттілікпен шектелмей, экономикалық әлеуеттің дамуына да ықпал етеді. Газ құбырының ұзындығы мен тұрғын үйлерге газ тартылуы – ауыл тұрғындары үшін зор мүмкіндіктер туғызады, бұл жергілікті халықтың тұрмысын жаңа деңгейге көтереді.
Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, тек газдандыру ғана емес, басқа да инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ауыз су мен аяқжолдар салу, ойын алаңдары мен саябақтарды ретке келтіру сияқты жұмыстар аудандағы халықтың күнделікті өмірін жеңілдетіп, әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететіні анық.
Қаражаттың тиімді жұмсалуы мен жобалардың уақытында жүзеге асырылуы облыстың дамуы мен елді мекендердегі өмір сүру деңгейін арттырудың маңызды факторлары болып табылады. Мұндай бастамалар тек Жетісай ауданы үшін ғана емес, бүкіл Түркістан облысы үшін де үлгі болып, ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын жаңғырту жолында маңызды қадамдар жасалатынына сенім ұялатады.
