
Арыста ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай «Ұстаз жолы – ұлы жол» атты салтанатты шара өтті. Шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық білім бөлімі басшысы Әшімхан Момбеков, білім саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен ұстаздар және өнерпаз оқушылар қатысты.
Ұстаздарды ұлықтауға арналған шара аясында өнертапқыш мектеп оқушыларының төл туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық шаруашылық заттар мен құрал-жабдықтар жұртшылық назарына ұсынылды.
Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мереке иелеріне жүрекжарды тілегін білдіріп, білім саласында табысты еңбек еткен бірқатар ұстазға Алғыс хаттар мен ҚР Оқу — ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.
Шарада білім бөлімі басшышсы Әшімхан Момбеков те бірнеше мұғалімді марапаттап, мерейін үстем етті. Мұғалімдерге Түркістан облысы әкімінің марапаты мен білім және ғылым министрлігінің, Арыс қалалық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Алғыс хаты», Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ комитетінің арнайы төсбелгісі табыс етілді.
Шара асында Алматы қаласында өткен Халықаралық би жанры бойынша II-орын жүлдегерлері атанған №4 бастауыш мектебінің «Айжұлдыз» би тобы өз өнерлерін паш етті. С. Адамбеков мектеп оқушыларының ұстаздарға мерейлі мерекеде жүректен шыққан жыр жолдарын ұсынды. Ал,«Алтын тұмар» балабақшасының тәрбиеленушілері «Кесте» биін орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Сонымен бірге, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова арыстық ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады: «Құрметті ұстаздар қауымы! Ардақты білім саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы — адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай.
Мен Арыс қаласының білім беру саласын дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баға жетпес үлес қосып жүрген ұстаздар қауымы барлық құрметке лайық деп санаймын.
«Алты алаштың басы қосылғанда ең мәртебелі орын ұстаздарға тиесілі» деп ұлт зиялысы Мағжан Жұмабаев атап өткендей, ұстаздың қадірін, мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі әрдайым біздің назарымызда бола береді.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздер қандай да жағдай болмасын кәсіби міндеттеріңізді абыроймен атқарып, барлық күш-жігер мен шеберліктеріңізді ел болашағына жұмсап келесіздер. Осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін!
Тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді жастар өсетініне сенемін.
Құрметті педагогтар!
Осы бір тамаша, атаулы күні ерен еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, бар саналы өмірлерін шәкірт тәрбиелеумен өткізген ардагер ұстаздарға ризашылығымыз шексіз.
Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, отбасыларыңыз береке-бірлікпен көркейсін. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатуда жаңа биіктерден көріне беріңіздер!».