
18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Салт-дәстүр және төлтума мәдениет – ұлттың генетикалық коды» тақырыбында мазмұнды жиын өтті.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы жүргізіп, жиынның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
– Рухани келісім күні 1992 жылдан бері аталып келеді. Бұл – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты, ұлтаралық және дінаралық келісімді дәріптейтін, баршамызды бірлікке үндейтін ерекше мереке. Осы күн аясында өткізіліп отырған жиынның негізгі өзегі – салт-дәстүр мен төл мәдениеттің дінмен үндестігіне назар аудару, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын барысында дәстүрлі өнер насихатшысы Кенжебай Шалұлы халқымыздың бай рухани мұрасы туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Ол қазақы тәрбиенің өзегінде жатқан үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты асыл қасиеттердің мәнін ашып, ұлт болашағы саналатын жастарды білім мен ғылымға ұмтылуға шақырды. Сондай-ақ, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғырту – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, алаш арыстарының өмірінен өнегелі мысалдар келтірді.
Ал Созақ ауданының Бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов өз сөзінде:
– Қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ислам дінімен біте қайнасып келеді. Дін мен дәстүрдің, діл мен шариғаттың өзара үйлесуі – елдің ынтымақ пен бірлікте өмір сүруінің негізі. Адамның барлық ісінде ниет пен ықылас маңызды, – деді.
Жиын соңында қоғамдық келісім мен рухани тұрақтылықтың нығаюына, ел бірлігі мен мәдени мұраны сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
