Сауран ауданында жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту және зияткерлік деңгейін көтеру мақсатында облыстық “Білім бәйге” интеллектуалды сайысы өтті. Іс-шараны Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ ұйымдастырды.

Сайыстың ашылу салтанатына Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев, аудандық мәслихат депутаттары Аслан Раматуллаев пен Хуршид Шарапов, сондай-ақ аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшы м.у.а Марат Қалеке қатысты. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру бағытындағы іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Интеллектуалды сайыс төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар салт-дәстүр, өнер және жалпы танымдық бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білім мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды. Әр тапсырманы орындауға 1 минут уақыт берілді. Байқауға Түркістан облысы, Кентау қаласы, Бәйдібек, Сайрам және Сауран аудандарының жастары қатысып, барлығы 22 команда өзара бақ сынады. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені — «Дарын» командасы иеленсе, бірінші орын — «Кемеңгер» командасына, екінші орын — «JOL-STAR» командасына, ал үшінші орын — «Руханият» командасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің атынан алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.