
Бүгінде Түркістан облысында жиын-терім жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Жалпы биыл 3,3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау күтіліп отыр. Бүгінгі таңда 2,6 млн тоннасы жиналған. Бұдан бөлек, өңірде жылыжайлардың көлемі 1 715 гектарды құрайды. Жылыжайлардан 101,5 мың тонна көкөніс жиналған.
Облыста 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1 143,6 мың бас ірі қара, 4 947,6 мың бас қой және ешкі, 495,8 мың бас жылқы, 43,2 мың бас түйе, 2 566,4 мың бас құс тіркелген. Осы орайда 122,9 мың тонна ет, 368,8 мың тонна сүт, 176,9 млн дана жұмыртқа өндірілді. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%-ы, қой етінің 75%-ы облыстың еншісінде. Осы жылы 8 айда 20,8 мың тонна ірі қара мал еті, 13,4 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын ірі 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 31,5 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ. Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бағытында тауарлы сүт фермаларын ашу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құны 6 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылып, қосымша 20 мың тонна сүт өндірілмек.
Айта кетейік, республикада ауыл шаруашылығының өнімінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Биыл қаңтар-тамыз айларына 487,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,1 %-ды құрады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 97,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында Түркістан облысының әлеуеті жыл өткен сайын артқанымен, басты назар мал мен өсімдік өнімдерін қайта өңдеуге бағытталуда. Бұл өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңделген өнімдер ішкі нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялар мен жобалар өңірдің болашақта одан әрі дамуына негіз болмақ. Өңдеуші кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған жобалар өңірдің өнімділігін арттырып, экономиканың жаңа салаларын қалыптастырады.
Алдағы уақытта ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және оны экспорттау көлемін кеңейту мақсатында тағы да бірнеше жаңа жобалар іске асырылмақ. Бұл Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының тек ішкі нарыққа ғана емес, халықаралық нарыққа да бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамыту мен жануарлардан алынатын өнімдер мен азық-түліктердің өңдеу деңгейін жоғарылату жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе, ет кластерін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар экспорттық әлеуетті арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделген түрлерін әлемдік нарыққа шығару мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл өңірдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға және ауыл шаруашылығы секторын тұрақты дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
