
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Анарбай Мырзахметовтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ардагердің шаңырағында өткен кездесуде майдангерге сый-сияпат жасалып, жылы лебіздер білдірілді.
– Қарияларымыз – халқымыздың тірі шежіресі. Аға буынның өнегелі өмірі, ерлік жолы бізге қашанда үлгі. Жастарымызға отансүйгіштік қасиетті насихаттау үшін осындай кездесулердің маңызы зор, – деді Қазығұрт аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Бағлан Өрісбай.
Анарбай Мырзахметұлы 1926 жылы Жаңатұрмыс колхозында дүниеге келген. 1944 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Семей қаласында дайындықтан өткен соң Беларусь майданына жіберілді. Батыр жауынгер алғашқы ұрысын Польша жерінде бастап, Варшаваны азат етуге қатысты. Кейін Эльба өзеніне жетіп, Магдебург пен Бланкенбург қалаларын азат ету шайқастарында ерлік көрсетті. Маршал Георгий Жуков басқарған әскердің сапында Берлинді алуға қатысып, жеңісті сол қалада қарсы алды.
Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласқан ардагер жүргізуші, кейін ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жұбайы Шәман апаймен бірге 10 ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде 47 немере, 93 шөбере және 2 шөпшек сүйіп отыр.
Биыл 99 жасқа толған майдангер – елдің мақтанышы. Әскерилер ардагерді құттықтай отырып, оның ғибратты өмірі мен ерлік жолы жас ұрпаққа мәңгі үлгі болатынын атап өтті.
