
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері және бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру жайын талқылады. Өңірде бизнесті қаржыландыруды ыңғайлы етіп, ортақ процестерді оңтайландыру жолдары сараланды. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер мүддесі мен шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру.
Кездесу барысында облыс басшысы түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын Түркістанның тек мәдени орталық қана емес, сонымен қатар инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы аймақ болуы қажеттігін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Түркістан облысын кәсіпкерлік үшін тартымды, қолайлы әрі сенімді аймаққа айналдыру. Мемлекет басшысы ұдайы айтып жүргендей, экономикалық өсімнің негізі – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта «Даму» қоры еліміздегі негізгі құралдардың бірі болып отыр. Сондықтан біз әріптестік байланыстарды күшейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Н.Көшеров.
Бүгінде Түркістан облысында 216 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде алғашқы үштіктің қатарында. Тек 2024 жылдың өзінде облыстағы кәсіпкерлерге 699 жоба аясында 60,3 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар 701 жоба 60,6 млрд теңге көлемінде кепілдендірілді. Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіліп жатқанын білдіреді.
2025 жылдың 7 айында 181 жоба 22,8 млрд теңге көлемінде қаржыландырылды. Жергілікті бюджеттен субсидиялау бағдарламасына 2,8 млрд теңге, ал республикалық бюджеттен 13,86 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда облыс кәсіпкерлеріне жаңа жобаларды субсидиялау үшін қосымша қаржы аудару мәселесі де қарастырылып жатыр.
Кездесуде биыл іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасының тиімділігі туралы да кеңінен сөз болды. Бағдарлама арқылы өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік, білім, денсаулық сақтау салаларындағы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Жыл соңына дейін бағдарламаға 750 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде 300 млрд – мемлекеттік қаржы, 450 млрд – екінші деңгейлі банктер есебінен.
Бүгінде Түркістан облысы бойынша жалпы 14 жоба 8,5 млрд теңге сомасында мақұлдаудан өтті. Бұл – бағдарламаның өңірде сәтті іске асып жатқанын көрсетеді.
Кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру, шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлармен бірлескен бастамаларды қолдау бағытында тығыз әрі жүйелі жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы бизнестің дамуында айтарлықтай әлеуетке ие аймақ болып отыр. Қала мен облыстың инфрақұрылымы, географиялық орналасуы, сондай-ақ экономикалық жағдайы шағын және орта бизнестің өркендеуі үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Түркістанның экономикасын әртараптандыру, жаңа кәсіпорындар ашу және инновациялық жобаларды қолдау мақсатында әкімдік пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бірлескен жұмысы кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл әріптестік жұмыс түрлерін кеңейтуге, инвестиция тартуға, сондай-ақ жергілікті өнімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мемлекеттік қолдау мен қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы өңір экономикасына оң әсерін тигізіп отыр. Түркістан облысындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігін арттыру, инновациялық жобаларды қаржыландыру, және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар тек өңірдің ғана емес, еліміздің экономикасына да үлес қосады. Бұл өз кезегінде жалпы өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа серпін береді.
