Бүгін, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Сайрам ауданында салтанатты іс-шара өтті. Жергілікті БАҚ өкілдері мен ардагер журналистер бас қосқан мерекелік жиында қатысушыларға арнайы дастархан жайылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

Салтанатты жиында Сайрам ауданынынң әкімі Арман Сабитов бұқаралық ақпарат саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел мен халықтың арасындағы сенімді байланысты нығайтудағы еңбектеріне алғыс білдірді. «Қазіргі таңда ақпарат тарату саласы күн санап жаңарып келеді. Ал осындай кезеңде сіздер ел мен билік арасындағы алтын көпір болып, халықтың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде көтеріп, ел мүддесіне қызмет етіп келесіздер», – деді аудан басшысы.

Іс-шара барысында аудан әкімінің атынан бірқатар БАҚ өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды. Қаламы жүйрік, ойы терең журналистерге көрсетілген құрмет – олардың қоғам алдындағы жауапты еңбегіне деген шынайы ризашылықтың белгісі болды.