Түлкібас аудандық мәдениет үйінде 23 маусым — Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік іс-шараға Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Бекарыс Байболов, құқық қорғау органдарының өкілдері, ішкі істер саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында аудан әкімі Асқар Естібаев ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің тұрақтылығын сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ерен еңбектерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ішкі істер саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар тәртіп сақшылары мен ардагерлерге арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табыстады.

— «Мемлекеттіліктің негізі – тұрақтылық пен қауіпсіздік. Бұл жолда сіздердің адал қызметтеріңіз айрықша маңызға ие. Сіздер халықтың тыныштығын күзетіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында күндіз-түні аянбай еңбек етудесіздер», — деді өз сөзінде аудан басшысы.

Жиын барысында сала ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, жастарға үлгі болатын істері ескерілді. Арнайы концерттік бағдарлама ұсынылып, мереке көркін арттырды.

Бүгінгі таңда Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінде 118 полиция қызметкері аудан аумағында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қалтқысыз қызмет атқаруда.