Бүгін Түркістандағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында облыстық ҚХА жанындағы Этномедиация кеңесінің ІІ тоқсандық отырысы өтті.
Отырысқа Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бейсен Нұржанат, «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері және этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, жиынға модераторлық еткен облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев Медиация кеңесінің биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасады.
Кеңес төрағасының мәлімдеуінше, өңірдегі медиаторлардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде биылғы жылдың басынан бері облыс көлемінде болған құқық бұзушылықтардың медиация тәртібімен шешімін тапқан дау-келіспеушіліктердің саны — 160 болса, оның ішінде этнос өкілдерінің қатысуымен болған 34 құқықбұзушылықтың 20-сы медиация тәртібімен оң шешілді. Ал өткен жылы 123 құқықбұзушылықтың 100-і медиация тәртібімен шешілген.
Сондай-ақ кеңес төрағасы жиынға қатысушыларға ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың осы жылғы 24 сәуірдегі ҚХА-ның 34-ші сессиясында берілген тапсырмаларана сәйкес еліміздегі татулық пен бейбітшілікті пен достықты, бірлік пен ынтымақты және этномедиация саласын нығайту бағытына арналған «Елдесу мен Татуласу» тұжырымдамасының жобасымен таныстырып, оны талқылауға ұсынды.
Отырыс барысында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, кеңес мүшесі, қоғамдық медиатор Батырхан Сансызбаев, «Яссы» колледжінің студенті Айнұр Әлиасқар, Түркістан қалалық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров, Түркістан қалалық «Жастар ресурстары орталығының» бас маманы Динара Нысанбаева, облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, кеңес мүшесі, кәсіби медиатор Бауыржан Исаев,Түркістан қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Толқын Саидмұратов елдің тыныштығы мен ынтымағы жайында келелі ой-пікірлерін ортаға салып, талқыланып отырған тұжырымдама жобасына қолдауларын білдірді.