Сауран ауданында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шығарылғанына 36 жыл толуына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Тарихи мәні зор бұл шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, аудандық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, ауған соғысының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар және тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылар Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, батырлардың рухына тағзым етті. Сонымен қатар, арнайы орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Осындай тарихи оқиғаларды еске алу арқылы жас ұрпақтың бойына патриотизмді, отансүйгіштікті сіңіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі мен өнегесі жастарға үлгі болып қала бермек.

Шара А.Байтұрсынов атындағы мектепте жалғасып, онда аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ардагерлерді 36 жылдық мерейтойларымен құттықтады. Ол өз сөзінде Ауған соғысының ардагерлеріне мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін, олардың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер шырқалып, рухты өлеңдер оқылды. Сонымен қатар, ауған соғысының ардагерлері өздерінің естеліктерімен бөлісіп, жиналған жастарға өмірлік тәжірибелерінен сыр шертіп, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын айрықша атап өтті.