Сәкен Сейфуллин, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов сынды Алаш арыстары бастаған 39 адамның саяси қуғын-сүргіннің сойылына ілігіп, атылып кеткені тарихтан өшпек емес. Қылышынан қан тамған атақты отыз жетінің ойраны! Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанинмен бірге опат болған тағы 37 аяулы жанның қатарында жас қайраткер һәм қарымды қаламгер Хамза Жүсіпбеков те бар еді.

Хамза Жүсіпбеков — мемлекет қайраткері, аудармашы, 1924-1925 жылдары ҚазАССР әділет халық комиссары.
Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап ол революциялық қозғалысқа, «Демократиялық жастар одағының» қызметіне қатысып, «Жас қазақ» революциялық Жастар одағына кірді.

Десе де, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында елеулі із тастай білген азаматтың есімі өкінішке қарай осы күні ұмытылуға айналды. 1937 жылдың күзінде қамалып, 1938 жылдың ақпаны соңында қаза тапқанда ол небәрі 38 жаста екен. Пір тұтқан партиясының өзі мойнына қыл бұрау тақты. Ақыры, намысшыл, сөзіне берік жан жалған жала арқалап, жөнелді де кетті. 1938 жылдың 11 қаңтарындағы тергеуде де сол намысшылдығы мен асқақ рухы тергеуге түрткі болса керек. Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов сынды қайраткерлермен ертеден контрреволюциялық байланысы бары «дәлелденді».

Кейіпкеріміздің өмір-дастаны осы өлкеден тамыр тартады. Ол 1900 жылы Нұра ауданына қарасты Ахмет аулында дүниеге келген. Бұл өлке – Тәуке хан ұрпақтарының ата қонысы ретінде мәлім. Мұнда 1916-1917 жылдары Сәкен Сейфуллин сабақ берген. Х.Жүсіпбековтің Омбыда білім алған тұсы да осы кез.

Азаматтық ұстанымы, саяси көзқарасы Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Әбілқайыр Досовтың ой-мақсаттарымен үндесіп, ұлттар теңдігіне, жарқын болашаққа жол салмақ болған большевиктер желеуіне сенеді. Жаратылысынан зерек, алғыр қабілетіне қарай, жиырма жасынан-ақ Көкшетау уездік, Ақмола, Бөкей губерниялары партия комитеттерінің хатшысы болды. 1925 жылдан Қазақ өлкелік партия комитеті алқасының жауапты хатшысы болған. БК (б) П Орталық Комитеті жанындағы марксизмленинизм курстарын бітіргеннен кейін, Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қазақ кәсіподақ кеңесінің төрағасы, халық шаруашылығы мен юстиция халық комиссары, Қазақ көркем әдебиет баспасының директоры қызметтерін атқарған. Қазақ өлкелік партия комитетінің бюро мүшесі, БК (б) П XVІІ съезінің делегаты болып сайланған. Бұл аз десеңіз, Қазақ АКСР әлеуметтік халық комиссары, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы директоры болған да осы Х.Жүсіпбеков.

1925-37 жылдары оның әдеби-сын мақалалары, әңгімелері, =очерктері мерзімді басылымдарда жарық көрді. 1928 жылы «Қарсақбай» кітабы жарық көріп, оның барлық шығармалары енген. 1929 жылы «Қызыл Қазақстан» журналын басқарды. Сол жылдары оның «Әйелдер еңбегі», «Қарсақбай» жинақтары жарық көрді. X. Жүсіпбеков қазақ совет жазушыларының қалыптасуына тікелей қатысты. Ол бірқатар ғылыми еңбектерді, көркем шығармаларды қазақ тіліне аударған. «Болат қалай шыңдалды» романы алғаш рет қазақ тіліне Х. Жүсіпбеков (1935).

1933-36 жылдары Қазкәсіподақ ұжымшарының төрағасы, ҚазКСР әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары.
1935 жылдың қаңтарынан ҚазАССР әділет халық комиссары. Х. Жүсіпбековтің тұсында Алматы кеңестік құрылыс институты жанындағы заң факультеті заң институты болып қайта құрылды.
1935-36 жылдары ҚазАССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі.
1936-37 жылдары Қазақстанның марксизм-ленинизм институтында аудармашы, Қазмемқызмет баспасының директоры.
Кәсіподақтар съезінің делегаты болды; IV, V, VI облыстық партия конференциялары, 1927, 1932, 1936 жылдары БКП (б) облыстық комитеті бюросының мүшесі, 1935-1936 жылдары Қазақстан Атқару комитеті Президиумының мүшесі болды.
Хамза Жүсіпбеков 1937 жылы күзде “халық жауы” деген жалған айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1938 жылы 26 ақпанда Хамза Жүсіпбеков атылып, Алматы қаласы маңындағы “Жаңалық” ауылындағы қорымға жерленген.

Заман – қисық, қоғам – қырыс, жүйе – жүгенсіз болмағанда еңбегі биіктей берер ме еді дейсіз. Қайтерсің. Қырыққа жетпей ғұмыр-жібі қырқылды. Сондықтан болар, Х.Жүсіпбеков қандай еді дегенде арда жазушы Жайық Бектұровтың естелігіне жүгінеміз.
«1931 жыл. Жаз айлары. Нұраның екінші және алтыншы ауылдарында ауданнан мәдениет жорығының өкілі болып жүріп, Хамзаның әкесі Жүсіпбек ақсақалдың үйінде тұрдым. Ол кезде бұл ауылдар әлі жазда киіз үй тігеді, суы күмістей Нұра өзенінің шөбі шүйгін қалың тоғайлы алқабында отырады. Міне, осы ауылға үйіне Москвада марксизм-ленинизм курсында оқып жүрген Хамза ағамыз демалысқа бала-шағасымен келе қалды. Ол мінезі салмақты, кішіпейіл, қараторы, көзі үлкендеу, дөңгелек беттеу, етжеңді жігіт еді. Ауылдас ағайыны Сұлтан Аблаевты қатты құрмет тұтты. Орысшаға жүйрік одан сөз арасында «Аға, объективный, ходатайство» деген сөздерге қазақша балама табуға бола ма?» деп сұрап отырды бірде қарттан. Хамза Маркстың «Еңбек, баға және пайда» атты еңбегін аударғанда қалың дәптерге арабша жазған екен, менің ауылда латын әрпімен бала оқыта бастағанымды біліп, сол дәптеріне латынша маған көшіртіп алды. Келесі жылы Хамзаның суретін республикалық газеттерден көрдім. Өлкелік партия комитетінің транспорт жұмысын басқаратын хатшы болып сайланыпты. Алматыға баруымда Үкімет үйіне соғып, сәлем бердім. Мені көріп, дәл өз аулынан, өз үйінен туған інісі келгендей қатты қуанды. «Оқуға келгенің жақсы болған екен! Оқы. Үйге кел» деп адресін берді» деп жазады Жайық ақсақал. /« Енеден айрылған төл секілді» Алматы./

Қазір қарап отырсаңыз, сол уақыттағы қоғам, мемлекет қайраткерлерінің көбі төл әдебиет пен мәдениетке жанашыр, жан-жақты, білікті адамдар болғаны сүйіндіреді. Кітап жазып, өзекті тақырыптар, көкейкесті мәселелер жөнінде қалам тартқан. Талант жағынан құр алақан емес Хамза Жүсіпбеков бастап­қыда саяси, ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударумен көзге түссе, кейін көркем туындыларды да өрнектей білген екен.

Қарсақпайлық өндірісшілер еңбегі мен өмірін сипаттайтын «Қарсақпай» атты кітабы – соның бір көрінісі. Николай Островскийдің әйгілі туындысы атауын «Құрыш қалай шынықты» деп жарастырып, құбылтуынан-ақ аудармаға шеберлігін аңғарамыз.

Хамза Жүсіпбеков — қазақ халқының тарихында аты қалған ардагер азамат. Сол 20-30 жылдарға дейінгі уақытта болған қоғам қайраткері. Казкрайкомның хатшысы, бюро мүшесі, Казсовпрофтың төрағасы, заң халкомы қызметін атқарып, өмірінің соңғы кезінде Көркем әдебиет баспасының директоры болды. Осы кезде халық жауы қатарына ілігіп, жазықсыз құрбан болды. Хамза Жүсіпбеков уақытында қоғам қызметімен қатар газет-журналдарда әдеби мақалалар жазып, аударма жұмысымен де айналысты. Онымен қатар әңгімелер және «Қара Ақпай» (1925) деген кітап жазды.

Көркем әдебиет басқармасына директор болып тағайындалуында орнын ауыстырған әдебиетші Ғалымжан Жаманқұловтың: «Баспаға орныма Хамза Жүсіпбеков барды. Орныңа жақсы адамның келгені қандай жақсы» деп ризашылық білдіруі Хамза Жүсіпбековтің қаншалықты қадірлі болғанын аңғартса керек. Аталған баспаның тікелей мұрагері – «Жазушы» баспасы. Бір қызығы, араға 40 жыл салып, бұл баспаға директор болу бақыты көрнекті жазушы, Хамза Жүсіпбековтің туған күйеу баласы Ілияс Есенберлиннің маңдайына жазылды.

Ештеңеден үрікпей, ешкімнен сескенбей Ілияс Есенберлин жар еткен «Халық жауының қызы» Дилара – Хамза Жүсіпбековтің тұңғыш перзенті еді. Кейін «Көшпенділер» трилогиясының авторы «Дилара менің төрт жеткіншегімнің анасы ғана емес, берік қорғаным, артымдағы тылым секілді. Перзенттеріме мен көрмеген, мен сезбеген ана мейірімін сіңіріп өсіргені үшін өмір бойы ризамын. Мен қиналмасын, соққы алмасын деп өмір сүрді» деп ағынан жарылғанын қаламдасы Дүкенбай Досжановтың жазғандарынан білеміз. /« Есенберлин туралы жыр»/

Ілияс Есенберлин бір әңгімесіндея: «Бір күні көшеде келе жатсам, көзіне мұң ұялаған бір қыз келе жатыр екен. Мұңлы болғанда да мұңлы. Тоқтатып, бірнәрсе сұраған болып назарын өзіме аударып едім, көзі шынында да бұрын мен көрмеген мұңлы көз екен. Содан соң сыртынан сұрастырып біліп алдым, араласа бастадық. Өзім де ойлағандай, «халық жауының» қызы болып шықты. Көзіндегі мұңы бір сәтте пайда болатын мұң емес, әбден бойына сіңіп қалған мұң екен. Уақыт өткен сайын жүрегім жіби берді. Ақыры бір күні «сені аламын, тиесің бе?» дедім. Қыз жылады. «Мені алсаңыз күніңіз күн болмайды ғой» деді. «Тәуекел, аламын» дедім. «Жалғыз шешем бар ғой» деді. «Мейлі, шешең қолымызда тұрсын, өле-өлгенше бағып-қақ» дедім. Шешеммен ақылдасайын деді. Бір-екі күннен соң шешесінің алдына бардым. «Қайда істейсің, балам?» деді. «ЦК-да». «Ойбу-у» деді. «Сорыңды қайнатады ғой». «Бәріне дайынмын, тәуекел» дедім. «Жарайды, тек бұл байғұсты жылатып тастап кетуші болма». Сөйтіп, осы кісіні алғанмын. Шешесі қайтқанша қолымызда тұрды»-деген екен.

Ілияс Есенберлин АЛЖИР лагерінде айдауда жүрген енесі Рәбиға Жүсіпбекованы үйіне қайтарып алған. Бұл ақпарат сол кезде жансыздарға жетіп, олар НКВД-ға баяндаған. Осыдан кейін Есенберлинге он жыл лагерьге үкім шығарып, Қарақұм су арнасы құрылысына жіберіледі. Тек 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін басталған саяси жылымықтан соң, лагерьден босап шыққан.
Ілияс пен Диляра үш қыз және бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ең үлкен қызы Раушан Есенберлина қазір Алматыда, екінші қызы Қарлығаш Есенберлина Бельгия астанасы — Брюссельде тұрады. Татар ұлтының өкіліне тұрмысқа шыққан. Кіші қызы Дильфруза Есенберлина Алматыдағы әкесінің үйінде.
Ал ұлы Қозыкөрпеш Есенберлин көпшілікке танымал. Ол «Әлем систем» компаниясының, «Әлем Банк» сынды ірі қаржы инситутының иесі болған. Айтпақшы, Қозыкөрпеш Есенберлин Алматыдағы №25 орта мектепте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Ресей саясаткері, биыл дүниеден өткен Владимир Жириновскиймен қатар оқыған.

Хамза Жүсіпбеков – көрнекті советтік және партия қайраткері, белгілі жазушы, тұңғыш Халық комиссары Сәкен Сейфуллиннің жерлесі, Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының алғашқы аудармашысы. Ол көркем әдебиет баспасының төрағасы да болған. Бір деректерде Хамза Жүсіпбеков 1938 жылы 26 ақпанда І. Жансүгіров, Б. Майлинмен бірге атылды десе, басқа деректерде Х. Жүсіпбеков пен С. Сейфуллинді түрменде күзетуші иттерге талатып өлтірілген деген мәліметтер келтіріледі…