
Биыл Түркістан облысының бас газеті «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 100 жыл толып отыр. Облыс орталығында қарашаңырақ басылымның ғасырлық тойы аталып өтті. Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын газет басшысы Абай Балажанға табыстады. Сонымен қатар бірқатар журналистер Президенттің алғыс хатымен марапатталды.
Ауқымды шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Парламентінің Сенат депутаты Алишер Сатыбалдиев және ҚР Парламентінің Мәжіліс депуттаты Ұласбек Сәдібеков, басылымның тарихында қолтаңбасы қалған ардагер қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен қаламы қарымды журналистер қатысты.
– Сіздерді бүгінгі мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! «Оңтүстік Қазақстан» газеті – өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиық ақындар, көрнекті жазушылар, қоғам қайраткерлері осында қызмет етіп, түлеп ұшты. «Газет– халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, облыс айнасына айналған газетіміз қоғамға қызмет ету міндетін абыроймен орындап келеді. Жаңа дәуірі басталған, Жаңарған Түркістанның жаңашыл бағытын жұртшылыққа жеткізіп жүрген қарашаңырақ басылымға деген құрметіміз жоғары. Оқырмандарыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, әр күндеріңіз шуақты болсын! – деген облыс әкімі шығармашылық ұжымның бірнеше өкілін марапаттады. Сондай-ақ газет ұжымына жеңіл автокөлік табыстады.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев басылымның журналистерін ҚР«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет граматосымен және алғыс хатымен марапаттады. Арнайы қатысқан құрметті қонақтар ізгі лебізін білдірді.
Мерейлі күнге орай бірнеше іс-шара жоспарланған. Күні кеше облыс орталығындағы «Жібек жолы» саябағында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің аллеясы ашылды. Оған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен газет редакциясының ұжымы қатысып, 100 жылдық мерейтойға орай 100 түп көшет отырғызды. Ал бүгін «Оңтүстік Қазақстан» – тарих толқынында» атты ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Онда журналистиканы дамыту жолдары, тың идеялар айтылды. Сонымен қатар газеттің тарихынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Әрі қарай салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Онда облыстың өнерпаздары жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Басылым жолы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұлов сияқты қайраткерлер негізін қалаған «Ақжол» газетінен бастау алады. Бұл газетте қазақ руханияты мен журналистикасына еңбек сіңірген қаламгерлер мен журналистердің, ел жанашырларының қаламының ізі қалған. Оңтүстік журналистерінің қасиетті қарашаңырағы қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сара саясатын елге кеңінен түсіндіріп, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосуда. Газет ұжымы тек журналистикамен шектелмей, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бастамашы болып жүр. Оған дәлел ретінде қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің дәстүрлі турнирін, жас жыршылар байқауын айтуға болады.
Айта кетейік, бір ғасырда «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 30-дан астам білікті журналистер редакторлық етті. Солардың арасында редактор Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Кәрім Үкібаев, Анар Бәкірова сынды қайраткер тұлғалар газет тарихында қалды.
Бүгінде 21 мың 650-ші саны жарық көріп отырған басылым Оңтүстік аймақ қана емес, еліміздегі тарихи газеттердің бірі болып саналады.
Басылымның алғашқы атауы — «Ақ жол» болған. Түркістан Республикасы Орталық Партия Комитетінің органы ретінде бұл газеттің алғашқы нөмірі 1920 жылғы 7 желтоқсанда Ташкентте шыққан екен. Оның ұйымдастырушылары — Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев болған. Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов, Сәдуақас Оспанов, Ғазымбек Бірімжанов, тағы басқалар газет шығару ісіне қызу қолдау білдірген. Басылым жұмысына Нәзір Төреқұлов, Иса Тоқтыбаев, Б.Сүлеев, Т.Шонаев, Жүсіпбек Аймауытов, Абдулла Байтасов тағы басқалар белсене араласқан.
1924 жылдың соңына қарай Кеңес Үкіметі Түркістан Республикасын ұлт ретінде қайта құрған. Оның құрамындағы Сырдария, Жетісу губерниялары Түркістан облысы деген атаумен Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасына қосылған. Ташкентте қандастарымызға арналып шығып тұрған газет-журналдар Қазақстанға ауыстырылған. Міне, сол себепті 2024 жылғы 26 қарашадағы 506-нөмірінен бастап «Ақ жол» газеті РК(б)П-ның Қазақ Өлкелік Комитеті мен Атқару Комитетінің Түркістан облысы жөніндегі ұйымдастыру бюросының органы ретінде жарық көрген.
«Ақ жол» газеті 70-нөмірінен кейін Ресей Коммунистік (большевиктер) Партиясының Сырдария губерниялық комитеті мен губерниялық атқару, комсомол комитеттерінің, кәсіподақ кеңесі мен Қосшы одағының органы ретінде Шымкентке көшірілген. Неге екені белгісіз, газеттің Шымкентке көшірілген кезеңі оның ресми түрде жарыққа шыққан күні ретінде есептеліп келеді. Осы кезде басылым Сырдария, Жетісу губерниялары мен Қарақалпақстанға кең тараған.
1925 жылы республика астанасы Қызылордаға көшірілгенде газет сонда шыға бастаған «Еңбекші қазақ» газетімен біріктірілген. Ал 1929 жылы республика астанасы Алматыға ауысқаннан кейін Сырдария аймақтық партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» атауымен шыға бастаған.
Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылғы ақпандағы ХІ сессиясының шешімі бойынша Оңтүстік Қазақстан өз алдына жеке облыс атанған. Осыған байланысты сол жылғы 12 наурыздан Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастаған. Алғашқы редакторы Бейсембай Кенжебаев, ал оның орынбасары Жақан Сыздықов болған. Өз кезегінде «Ленин жолы» газетінің атауы Келес аудандық басылымына берілген.
1962 жылғы шілдеде Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының бірігуі нәтижесінде Оңтүстік өлкесі құрылған Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан газеті Өлкелік партия комитеті мен кеңес атқару комитетінің әрі Шымкент облыстық партия комитетінің органына айналған. Бұл тұста басылым Қызылорда, Жамбыл облыстарына тарап, барлығы 764 нөмірі жарық көрген. Өлкелер таратылғаннан кейін 1964 жылғы 24 желтоқсандағы 9684-нөмірінен бастап «Оңтүстік Қазақстан» қайтадан облыстық газет ретінде шыға бастаған.
Басылым басшылары жайлы сөз еткенде Иса Тоқтыбаев (1924-1925 жылдар), Жүсіпбек Арыстанов (1925-1926), Жанәлі Бархиев (1930-1931), Сейілбек Үсенов, Әлішер Бейсенов жауапты редактор болып қызмет атқарған. Газет жұмысына Хасан Әлиев, Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев сияқты ұлт зиялылары белсене атсалысқан. Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Асқар Тоқмағамбетов, Бауыржан Момышұлының туындылары жарияланып тұрған.
Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған кезде басылымға Бейсембай Кенжебаев (1932-1933) редактор болып тағайындалған. Кенжеғали Абдуллин, С.Шәкенов (1940-1942), А.Шаев (1943), Әділбай Омаров (1943-1947, 1958-1964), Дубай Сәрсенбаев (1947-1950), Сағат Жұмағазиев (1950-1953), Мәди Байтұрсынов (1953-1958), Әділбай Омаров (1961-1962), Құрманбек Сағындықов (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарын біріктірген Оңтүстік өлкелік «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің редакторы, 1962-1964), Әсет Тілеукеев (1964-1970), Әмірсейіт Әлиев (1970-1992), Кәрім Үкібаев (1992-1997), Нұрғали Оразов (1997-1998), Оразхан Жарқынбек (1999-2003), Иса Омар (2003-2005), Анар Аспан (Бәкірова, 2006-2007), Абай Балажан (2007-2008), Бейсенбай Тәжібаев (2008-2011), Бақтияр Тайжан, қайтадан Абай Балажан басшылық жасап келеді.
1974 жылы 50 жылдық мерейтойына орай газет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Несіпкүл Әбдікерімова, Елтай Боранбаев, Сәділ Кәдеев, Зейілбек Өмірбеков Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бірнеше рет республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. 1984 жылы 60 жылдық мерейтойына орай басылым Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сексенінші-тоқсаныншы жылдары Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарын иеленген. 1989 жылы газет таралымы 90571 (рекордтық көрсеткіш) данаға жеткен.
Облыстық газетте әр жылдары Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Сейділда Төлешов (М.Шынаров), Қаныбек Мейірбеков, Әбіш Байтанаев, Әбен Сатыбалдиев, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Қапан Қамбаров, Нәсіреддин Серәлиев, Қосжан Мүсірепов, Нәмет Сүлейменов, Садықбек Адамбеков, Жұмабек Еділбаев, Омарбай Малқаров, Қабижан Құсайынов, Еркінбек Тұрысов, Жәлел Кіттебек, Амантұр Мұсаев, Тұрсынай Оразбаева, Әлім Тұяқбаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мыңбай Ілес, Әмзе Қалмырзаев, Төрекелді Байтасов, Мұратбек Дүйсенбеков, Өтеш Қырғызбай, Айдар Сейдазым, Лаура Тастанбекова секілді күллі елімізге кеңінен танымал қаламгерлер қызмет істеген. Осы басылымның түлектері — Мұхтар Шаханов «Қазақстанның Еңбек Ері», Исраил Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы», Мархабат Байғұт, Шойбек Орынбай, Момбек Әбдәкімұлы, Сабырбек Олжабай, Мұхтар Шерім, Бақытжан Алдияр Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ал Захардин Қыстаубайұлы, Әбдімәлік Ағыбай, Абай Балажан Қазақстанның Құрметті журналисі атанған. Анар Аспан (Бәкірова) Қазақстан Республикасы Президентінің грантын иеленген. Бүгінде редакцияда Нұрлан Кенжеғұлов, Роза Бекетаева, Талғат Досымбаев, Бақтыүл Ауданова, Әбдіхалық Үкібаев, Баян Дарғожина, Аман Жайымбетов, Ерболат Айнабеков, Ерлан Қуандықов, Дәулет Тұрсынұлы, Дилара Бименова, Сабырбек Олжабай, Жәмила Мамырәлі секілді журналистер қызмет істеуде.
Газет 1957 жылдан бері қазақша күрестен жарыс өткізіп келеді. Соңғы жылдары демеушілер есебінен түйе балуанға «темір тұлпар» мінгізуде. Спортты етене серік еткен редакция ұжымы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің облыстық спартакиадаларында талай рет топ жарып, Бас бәйгені қанжығаларына байлаған. Мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан да байқау өткізіп, оның жеңімпазына қомақты сыйлық табыс етіп жүр.