16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті.

Кездесуде желтоқсан оқиғасының ызғары мен бейбіт күннің бағасы жайлы айтып, еркіндіктің қадіріне жете білудің маңыздылығын атап өтті.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Сіздерді барлық игілігіміздің бастауы болған ұлы күн — Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ел тәуелсіздігінің 33 жылдығы, сондай-ақ, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына 38 жыл толып отыр. Тәуелсіздік-барша Қазақстан халқы ерекше қадірлейтін, өткенінен тағылым алып, келешекке байыпты қадам жасайтын маңызды күн. Біз еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей беруге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Біз сіздерді бүгінгі таңда батыр деп білеміз, ерліктеріңізге әрқашан құрметпен қараймыз. Отанды, ұлтты сүюдегі махаббаттарыңыз қашан да өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек»,- деді.

Іс-шара барысында желтоқсаншылар 1986 жылғы ел тарихындағы маңызды кезеңде бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісіп, әсерлі әңгімелерін айтты.

Жиында ұлттың болашағын ойлап 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолында ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен желтоқсаншылар мен ауданның даму мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.