
Бүгін Мәдениет үйінде жаз бойы жер емген қала шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын Күз-2024» салтанатты шарасы өтті. Жиын ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады.
Жиында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қаламыздың ауылшаруашылық саласында жеткен жетістіктеріне тоқталды. Шаһар басшысы биыл Арыс еңбеккерлерігінің тынымсыз еңбегі арқасында облыс бойынша «Ірі қара малды импорттаудан» және «Су үнемдеу технологияларын үнемдеуде» озат қала атанғанын ерекше атап өтіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді.
Қала әкімі сүт өндіру, жылыжай шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал басын асылдандыру, дәнді дақылдарды өндіру сынды салаларда биіктен көрінген жекелеген диқандарды арнайы төсбелгі мен Алғыс хаттар тапсырып, сый-сияпат жасады.
Сондай-ақ, мал басын көбейтумен, асылдандыру бағытында жұмыс істеген шаруалар да марапаттан тыс қалған жоқ. Әр ауыл округ әкімдері де еңбектеріне лайық марапатқа ие болды.
Қала әкімі өз сөзінде: «Халқымызда «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» деген нақыл сөз бар. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы үкіметтің қабылдаған бағдарламаларын жүзеге асыру аясында алдағы уақытта барлығыңызды әсіресе жастарды еңбектенуге шақырамын»-деді.
Салтанатты шарада қалалық мәслихат пен кәсіподақ ұйымының атынан ауыл шаруашылық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат агроқұрылым басшылары мен өкілдеріне Алғыс хат табыс етті.
Әрі қарай мереке қала өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Қала еңбеккерлері еңбектің еленгеніне ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Айта кетейік, экономикаға серпін беретін жобалардың арқасында ауылшаруашылық құрылымдары биылғы жылы 15 миллиард 521 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. Биыл 24 мың 732 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауыл шаруашылығына қажетті 74 дана жаңа техника алынды. Жылдың қорытындысы бойынша 24 мың 732 гектардан 15146 тонна бидай, 400 тонна арпа, 2000 тонна жүгері, 5600 тонна мақта, 508 мың тонна мал азығы, 400 тонна жеміс-жидекдер,
109 мың тонна бақша өнімдері, 3000 тонна картоп, 17 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды.
Алдағы 2025 жылдың есебіне 6 мың гектар жер айдалып, оның 5000 гектарына күздік егіс егілді.
Арыс қаласы бойынша мал басы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда барлық түрінен өсім көрсеткен. Қаламызда 41 мың 512 ірі қара, 5530 түйе, 24 мың жылқы, 456 мың 471 бас қой мен ешкі, құс 35 мың басқа артты.