
Арыс қаласында 13 қараша – Халықаралық зағиптар күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында өткен шарада зағип жандар арасында спорттың 4 түрінен ауданарылық жарыс өтті.
Байқауға Арыс қаласынан өзге аудандардан келген 20-ға жуық азамат қатысты.
Шараға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Түркістан облысының Зағиптар қоғамының төрағасы орынбасары Нұрлыхан Әжімұратов, Арыс қалалық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Құдайқұлов қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке ұмтылған зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қоғамдық бірлестіктің ең басты мақсаты – оған мүше адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зағиптар мен нашар көретін жандарға барынша қолдау көрсету болып табылады. Сіздер қоғамдық ортада өздеріңізді тең ұстау үшін мемлекет тарапына үлкен қолдау жасалуда. Бұл жұмыстар әрқашан жалғасын табатын болады, – деді әкім орынбасары Алмаз Советұлы.
Шара аясында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды спорттың 4 түрінен мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте ІІІ орынды Ордабасы ауданы, ІІ-ші орын Отырар ауданы, ал І орынды Арыс қаласының спортшылары жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Еске сала кетсек, Халықаралық зағиптар күні — 1745 жылдың 13 қарашасы күні Франция жерінде белгілі педагог, Париж және Петербург қалаларында зағиптарға арналған бірнеше мектеп ашушы Валинтин Гаюи дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Ол Францияда Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты В. Гаюидің дүниеге келген күні Халықаралалық зағиптар күні (International Day of the Blind) деп белгіленді.
Аталған мектепті әйгілі ұстаз Валентин Гаюи (Valentin Hauy) мемлекеттің немесе бір қайырымдылық қорларының көмегінсіз, өз қаражатына ашқан екен. Гаюи өзінің ойлап тапқан «унциала» әдісімен балаларды оқытуды бастап кеткен кезде де талапты топтың алдында қаржы мәселесі деген үлкен проблема тұрған еді.
Бұл қиындыққа қарамай, жанашыр ұстаз зағиптарға арнап «унциал» рельефті-сызықты қаріппен жазылған кітап шығарады. Бұл кітап Брайльдің бұдан да пайдалырақ атақты кітабы шықпағанша кең қолданыста болған екен.
Зағиптардың халықаралық күнінде көптеген елде көру қабілетінен айырылған адамдарға назар аударып, қамқорлық танытуға арналған түрлі іс-шаралар өткізіледі және олардың білім алуына, өз құқықтарын дұрыс пайдалануына, салауатты өмір салтын жүргізуіне арналған жағдайлар қарастырылатын конференциялар ұйымдастырылады.
Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық агенттіктің соңғы деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем елдеріндегі 290 миллионға жуық адамның көру қабілеті нашар екен. Оның 39 миллионнан астамының көзі мүлдем көрмейтін болса, 20 миллионға жуық жасөспірім түрлі көз ауруымен ауырады екен. Ғалымдардың болжамы бойынша, әлемдегі көзі ауыратын балалар саны 2050 жылға қарай 115 миллионға жетуі мүмкін көрінеді. Оған адамдардың өмірінен ойып тұрып орын алған ақпараттық технологияның негізгі себеп болатыны сөзсіз. Ал біздің елімізде өткен жылғы деректерге сәйкес, 86 мың зағип бар болса, оның сегіз мыңға жуығы көзі нашар көретін балалар және 320 бүлдіршіннің көзі мүлдем көрмейді екен.